Домой / Интересные люди / Алаштың Мәннаны

Алаштың Мәннаны

data-ad-slot="1867841055">

%d0%bc-%d1%82%d1%83%d1%80%d0%b3%d0%b0%d0%bd%d0%b1%d0%b0%d0%b5%d0%b2-001

Ежелден елі үшін еміреген, халқының қамын ойлаған ерлерімізді ұлықтаған халықпыз. Заманалар алмасуында әрбір істің басында алты алаштың азаматтарының тұрғаны мәлім. Әлемге өзіміздің тереңдігімізді таныта білуде Абайдан артық ұстаз жоқ. Абай идеясы – Алаш идеясы.

Алаш арыстары ұлттық данагөй; ағаларымыз аңсаған ел тәуелсіздігіне ұлтымыз үміті үзілуге шақ қалған шақта ғайыптан жеткеніміз рас. Дүниеде ұлт тағдыры үшін күрестен артық күрес болуы мүмкін емес. Сондықтан да ілгеріде өмірден озған, ұлт зияларының көзі тірісінде шеккен тауқыметін кейінгі ұрпақ білгені жөн. Алаш сөзін жатсынбай, Алаш рухынан алыстамауды, адаспауды өскелең ұрпақ әрдайым жадында қадірлеп ұраны ұстарына күмән болмаста. Кешегі Кеңестік жүйенің тұмшалауымен «Алашқа қатысты ашық айтылмай, «ақтаңдақ» тарих беттері ашылмай, жазылмай келгені мәлім. Халық мұратын ту етіп көтерген ұлттық Алаш қозғалысының көсемдерінің де «Алаш Орда» өкіметін құрып, Алаш партиясын өмірге әкеліп, тәуелсіздікке үндеген жан кешті тағдырлары, төккен тер, аққан қандарының төлеуін жаңа заман тарихы әлемге паш етуді тарихи құбылыс деп түсінуге болады.

Алаш қозғалысы дәуірі – қазақтың ұлт ретінде бірігуі, тұтасу, етене араласу дәуірінің ұйытқысы, бастауындай. Бұл – ерекше бағаға лайық! Алаш – зерделі, зайырлы қазақ баласын адастырмас темірқазық. Алаш көсемдері Әлихан Бөкейханов ісі мен Алаш ұғымында рухтық, өрлік мән-мағына бар. Әр буын өзі арқалар жүгін белгілі орынға жеткізсе, оны келесі буын ілгері жылжыта алса ұлттың адал ұлы, ұлттық идеяға шын берілген жанашыр ретінде танылмақ. Міне, осы тұста Семейде шоғырланған Алаш қайраткерлері ішінен ерекше үлкенге іні, кішіге аға болған, ірі тұлға Мәннан Тұрғанбайұлы Тұрғанбаев. Ел ішіндегі 1916 жылғы жарлыққа қарсы дүрбелең мен күйзеліс күйлер Мәннанға өз ықпалын тигізбей қоймайды. Осы кезеңде ол Орынборда Ахмет Байтұрсынұлының жетекшілігімен шыға бастаған «Қазақ» газетіне шақырылады. Алаштың біртуар тұлғасы Әлихан Бөкейханның бастауымен Түркияға сапарлап, Каирдегі мұсылман рухани академиясы мен Стамбулда қысқа мерзімді курстан өтеді. 1917 жылы Орынбордан Семейге келіп, «Сарыарқа» газеті редакторының орынбасары ретінде Санкт-Петербургтегі екі жарым айлық курстан өтеді. 1917 жылғы сәуір айында өткен Семей облыстық қазақ съезінде комитет мүшесі болып сайланады. 1917 жылғы сәуірде өткен Алаш қайраткерлері бас қосқан айтулы съезден кейін, оның туған жері Семейге келуі ұйғарылуы да тегін емес, әмбе оның мұндағы талапты жастардың дарын-таланттарын ашуда, Алаш қозғалысына лайық мүшелер тартып, оқу-ағарту майданына көшбасшылық жасауы сияқты сан салалы істерге белсене араласуына жол ашылады. Мәннан Семейде алғашында Алаш Орданың «Сары Арқа» газетінің редакторының орынбасары қызметін қолға алады. «Сары Арқа» газетінде Алаш көсемдері мақалалары мен бірге Ж.Аймауытов, С.Дөнентаев, С.Торайғыровтың да шығармашылық жолының басталуына үлкен ықпалы болған. Семей қалалық Земство басшылығын Р. Марсеков пен А.Қозбағаров атқарады. Облыстық Земство басқармада Х.Ғаббасов, Ә.Сәтбаев, М.Тұрғанбаев т.б. белсенді жұмыстар атқарады. Земство 1919 жылы желтоқсанда большевиктер билігінің орнауына байланысты жұмысын тоқтатты.

Әлихан Бөкейхан «Земство қолға алып қылатын істің бір зоры-бала оқыту», деп көрсеткенді. Алаш қайраткерлері М.Тұрғанбаев, Ә.Сәтбаев, Б.Сарсенов, Қ.Сәтбаев, Ж.Аймауытов, М.Әуезов, Қ.Ибрагимов, С.Мұстафин, А.Жиенбаев т.б. күш салуларының нәтижесінде Семейдің Алаш қаласы бөлігінде тұңғыш бастауыш қазақ мектептері ашылып, жұмыс істей бастады.
«Абай» журналының 1918 жылғы 2 санында «Ұлтшылдық» деген құнды мақалалары мен ой-пікірлері жарияланады. «Айқап», «Абай» т.б. басылымдарда өзекті ой қозғаған мақалалары жарық көрді. 1918 жылы Алашорданың атты әскер полкіне қабылданады.

1917-1919 жылдары Семейдегі педагогикалық екі жылдық қазақ мұғалімдерін оқытып, даярлайтын курс-мектебі ұйымдастырылады. Оның меңгерушілігіне Мәннан Тұрғанбаев тағайындалады. 1919 жылдың маусым айында қайта Орынборға шақырылып, ондағы «Ұшқын» газетінде редакторлық қызмет атқарады. Мектеп оқулықтарын жазады. 1919 жылы «Қазақ тілі» газетінің жауапты редакторы, тұңғыш шығарушы болған. 1920 жылға дейін Ж.Ақпаевпен бірге халық соты кеңесінің мүшелігіне бекиді. Қазақ автономиясы жариялануына байланысты, 1920 жылы жалпы қазақ кеңестерінің бірінші съезіне Семейден делегат болып сайланады. 1922 жылдан бастап халық соты төрағасының орынбасары, әрі қазақ ісі жөніндегі азаматтық бөлімнің меңгерушілік міндеттерін атқарады.

Мәннан Тұрғанбаев пен Мұхтар Әуезовтың өте жақын байланыстарын айғақтайтын тарихи құжаттар да кездеседі. Мұхтар Әуезов, Мәннан Тұрғанбаевта Семейдегі Педтехникумында (бүгінде М.Әуезов атындағы Пед-колледж) бірі қазақ грамматикасынан, бірі әдебиет фольклордан дәріс оқыған. Осы Педтехникумында Мәннаннан білім-тәрбие алған шәкіртттері: Әлкей Марғұлан, Мұсатай Ақынжанов, Төлеужан Мусин, Жүнісбек Нұрмағамбетов, Игембек Төлеутаев т.б елімізге әйгілі түлектер болатын.

1926 жылдан Ә.Ермеков жетекшілік ететін Қарқаралы Педтехникумында да оқу бөлімінде ұстаздық қызмет атқарған. 1928 жылы М.Тұрғанбаев Қарқаралы Педтехникумынан Семейге қайта шақырылды. Облыстық соттың орынбасары, қалалық оқу бөлімінің инспекторы болып қызмет атқарған кезінде, қазақ мектебін негізінен қайта құру, оның түрлерін белгілеу, оқытудың мазмұнын анықтау, мұғалімдердің әдіс-шеберліктерін жетілдіру сияқты сан-салалы ұстаздардың ұстазы болғандығы дәлелдене түсуде. Семейде жарық көрген «Таң» журналында М.Тұрғанбаевтың «Жазу, тану, һәм жаздыру әдісі» атты мақаласы жарияланып, онда елімізде жүргізілген мәдени революцияның өзекті мәселесі – сауатсыздықты жою жолындағы Қарқаралы және Семей техникумдарының төменгі курс оқушыларының «жойылсын, сауатсыздық!» науқаны бойынша ел ішінде арнаулы сапарлармен аттанғандығы туралы жазған. Яғни, бұл мақаласын оқу бағдарламасы негізінде методикалық құрал ретінде пайдаланған. М.Тұрғанбаев есеп, тазалық, ислам тарихы, дін ғылымы пәндерінен сабақ берген. Аталған мектепке Семей, Қарқаралы, Павлодар, Өскемен уездерінен келіп оқыған. Осы тұста Мәннанның Семей облысы бойынша басты ағартушылық жүкті иығына көтергені де ақиқат.

1930 жылдың 4 сәуірінде ОГПУ сот коллегиясының үкімімен М.Тұрғанбаев Семейде қамауға алынып, Қапал түрмесіне айдалады. 1932 жылы айыптары дәлелденбегендіктен Қапал түрмесінен босаған М.Тұрғанбаев Семейіне оралады. 1932-1936 жылдар аралығында Алтай өлкесіндегі Ойрат автономиялық облысының Усть-Кант аймағы Тұрата ауылындағы жеті жылдық мектепте оқытушы болып жұмыс істеген. Жарық көрген еңбектері: «Пайғамбар заманы», «Тіл құралы», «Есеп», «Этика» т.б. 1936 жылы күзге қарай М.Тұрғанбаев Отаным деп аңсап, елінің шетіне жаяу-жалпылап, арбаға кәрі ана, жас сәбилерін отырғызып Алтайдан Семей шекарасы-Қызыл ауылға жетеді. Қатардағы мұғалімдік қызмет атқарады. Осыдан көп ұзамай «үштіктің» қармағына ілігеді… Ақыры, қапаста қысым көрседе, қайыспас ерлікпен, қауіп-қатер төнген сәттерді де қарсы алады. Мәннан Тұрғанбаев 1937 жылғы 20 тамызында, Семей түрмесінде Кеңестік репрессияның жалмауыз қорғасын оғына байланады.

Азаматтық, адамгершілік рухты мықты ұстанған Мәннан Тұрғанбаевтың өмірді түсінуін барынша терең ұғынған сайын біздің ұлттық рухымыздың қайнарын сонау ертедегі ұлылар ұлағатынан алғандығына күмәніңіз қалмайды. Мәннан Тұрғанбаев қашанда рухани бастаушы ағартушы-үйретуші ұстаздардың алдыңғы сапындағы Семейлік кесек-тұлға емес деп кім айта алады?! Семей топырағын басып, дәм-тұзын татқан тұғырлы тұлғалардың есімдері бірдей ардақталып, ұрпаққа мәңгі өнегеге айналуы қажет!

Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінің жоғары дәрежелі маманы Г.Шалатайқызы

От Semeyainasy news

Посмотрите также...

Любовь Бароховская: Нет ничего более важного в жизни ,чем знание своих истоков… (продолжение)

Читали: 865 data-ad-slot="1867841055">   Как рыбак из бессмертной сказки А. С. Пушкина, я бросаю и …

Добавить комментарий

СЕМЕЙ АЙНАСЫ

СЕМЕЙ АЙНАСЫ