Домой / Интересные люди / Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері – Айдархан Тұрлыбаев

Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері – Айдархан Тұрлыбаев

Айдархан Т.

Кешегі Алаш қозғалысы және оның жандануы мен әлеуметтік-саяси маңызының артуына қызмет еткен ұлт ұлдары еліміздің азаттықты көксеген тұстағы тарих парақтарына таңбаланып қалды. Десек те, алып империяның отары болған біздер, кешегіні бүгін ұмыттық. Алаш қозғалысының тарихы мен оның жай-жапсары, ұстанған идеялары мен көтерген мәселелері туралы мағлұматымыз әлі де аз. Ендеше, ұлт зиялыларының неге бола жанын шүберекке түйгені, өз-өздерін құрбандыққа қиғаны, қазірде заң маманын ғана емес, кез келген ұлтжанды азаматты да бей-жай қалдырмасы анық. Әрине, оларды «елі үшін туған ер еді, ел мүддесі үшін басын бәйгеге тікті» деген сияқты әдеттегі қара жаяу сипаттар арқылы да ақтап алуға, төбемізге көтеруге болады. Ал «олар нақты немен айналысты, нені сөз етті, қашан және қай жерде, қандай жағдайда?» деген сұрақтарға жауап іздеу және табылған мәліметтерді көпшіліктің назарына ұсынып отырудың жөні басқаша болса керек, яғни кіші буынның, сондай-ақ келер ұрпақтың кемел келешегі үшін насихаттай жүрудің пайдасы мол деп есептейміз.

Сонымен, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Санкт-Петербург университетінде оқыған қазақ жастарының саны жиырманың үстінде болды. Солардың бірі – Айдархан Тұрлыбаев. Яғни, қазақ зиялыларының басым көпшілігі ол кездерде Ресейдің ірі деген қалаларындағы оқу орындарынан білім алып, саяси әрекеттерге алғаш сол жақтарда араласып, қоғамдық-саяси көзқарастарын қалыптастыра бастаған. Ал адамның тұлға ретіндегі қоғамдық-саяси көзқарасының қалыптасуына оқыған оқу орнының ықпалы қашан да жоғары дәрежеде болатыны айтпаса да түсінікті.

Университеттік ортада ой еркіндігі кең қанат жайып, талай түлектері Ресейдің ғана емес, сондай-ақ қазақ елінің де қайнаған қоғамдық өміріне белсене араласқан.
Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері Айдархан Тұрлыбаев Ақмола облысы, Көкшетау уезінің Мезгіл болысында туған.
Санкт-Петербург мұрағатында Тұрлыбаев Айдарханға қатысты материалдар №14, №3, №34, №521 істерде жинақталған. 1897 жылы Омбы гимназиясын тәмамдаған ол 1897-1902 жылдар аралығында Санкт-Петербург университетінің заң факультетінде оқиды.

Омбы гимназиясында 8 жыл (1889-1897) оқып шыққан соң, А.Тұрлыбаевқа оны үздік бітіргендігі туралы №249 кәмелеттік аттестат беріледі. Мәтіні: «Бұл аттестат Омбы гимназиясында 8 жыл (1889-1897) оқыған және ҮІІІ сыныпта бір жыл болған, мұсылман дініндегі, қырғыздың он тоғыз жастағы ұлы Тұрлыбаев Айдарханға берілді, біріншіден, Омбы гимназиясында оқыған уақыт бойы жүргізілген бақылауға алу негізі бойынша, тәртібі өте жақсы, сабаққа қатынасуы және дайындығы, сондай-ақ жазба жұмыстарды орындаудағы ұқыптылығы үлгі тұтарлықтай, ыждаһаттылығында мін жоқ, барлық пәндерге деген білімқұмарлығы тең дәрежеде болды», — деп келеді (Санкт-Петербург ОМТМ. Қор.14. Тіз.3. Іс.34521. парақ.28.).

Кейін Императорлық университетке түсіп, Дала генерал-губернатордың бұйрығы бойынша жыл сайын Ақмола облысының шәкіртақысын (400 рубль) алып отырады. Ол туралы мағлұмат мына құжатта келтірілген: «Кеңсе Университет Кеңсесінің Заң Факультетінің 2-курс студенті, Ақмола облысының шәкіртақысын алушы Айдархан Тұрлыбаевқа оқу құралдары мен қажетті заттарын алуы үшін 35 рубль көлемінде жәрдемақы сұрай жазған өтінімінің Дала өлкесі Бас Бастығының тарапынан қанағаттандырылмағандығын, яғни оқу құралдары мен қажетті заттарын Тұрлыбаевтың жылына берілетін 400 рубль шәкіртақысы есебінен алуы тиіс екендігін мәлімдеуін сұрайды.

Және университеттің өзге түлектеріндей, А.Тұрлыбаев та бірнеше пәннен дәріс тыңдап, барлығын бірдей меңгеріп шығады. Оқыған пәндері бойынша сақталған куәлігі бар:
Ұсынушы Айдархан Тұрлыбаев — мұсылман дінінде, қырғыздың ұлы, 1877 жылдың 25 тамызында дүниеге келген. Омбы гимназиясының кәмелеттік аттестаты бойынша 1897 жылдың тамызында С.-Петербург ИМПЕРАТОРЛЫҚ университетінің студенті болып қабылданып, заң факультетіне алынып, онда мынадай курстар тыңдады: Рим құқығы тарихы, Рим құқығы догмасы, Орыс құқығы тарихы, Мемлекеттік құқық, Шіркеу құқығы, Полицей құқығы, Саяси экономика, Статистика, Азаматтық құқық және сот ісін жүргізу, Сауда құқығы және сот ісін жүргізу, Қылмыстық құқық және сот ісін жүргізу, Қаржы құқығы, Халықаралық құқық, Құқық энциклопедиясы, Құқық философиясы тарихы; оқу бағдарламасымен бекітілген практикалық сабақтарға қатысып, …және жартыжылдық сынақ жөнінде талап етілетін ережелерге сай сегіз сынақтың барлық шартын орындауға қатысты.

А.Тұрлыбаев университетте кейін Алаш зиялыларының көрнекті тұлғалары болған Р.Мәрсеков, Ж.Ақбаевтармен бірге оқыған. Р.Мәрсековпен курстас, ал Ж.Ақбаевтан бір курс жоғары оқиды. Бірақ Жақыппен жақсы қарым-қатынаста болады. Ж.Ақбаевқа қатысты істердегі мәлімет бойынша, екеуінің археологиялық институтқа түсуге берген өтініштері бір күнде жазылған. Және екеуі де бір мекен-жайда — Александровск даңғылы (кезінде Ресей астанасының негізгі көшелерінің бірі саналғандықтан, онда, негізінен, оқымысты-ғалым, бай-көпес, қала шенеуніктері тұратын болған) бойындағы 7-үй, 3-пәтерде — тұрған. Осыған қарап олардың дос болғандығына болжам жасауға болады. Оқу істерін былай қойғанда, театрларға да бірге барып жүрген. Тарихтан белгілі, Жақып вальсті жетік билеген. Император әйелінің сарайында Гүлбағар (жары) екеуінің тамаша вальс билеп, І орын алғаны, сөйтіп, император әйелінің көзіне түскендігі туралы ел аузында сақталған әңгімелер бар. Осының барлығында да Айдархан мен Жақып бірге жүрген болса керек.

Айдархан туралы ел аузындағы осындай әңгімелерде оның балуан Қажымұқанмен өте жақын дос болғандығы айтылады. Айдарханның басына күн туып қамауда отырған кездерінде, жақын-жуық, ағайын-туыс бой тасалап кетеді. Тар қапаста жалғыздықтан жабыққан сол бір уақыттарда тек Қажымұқан ғана іздеп келсе керек. Тағы бір ғажабы — Қажымұқан өзінің ұлына Айдарханның есімін берген.

Сондай-ақ Айдархан өте білімді болған. Бірнеше шет тілін меңгерген, өлі латын, грек тілдерінде сөйлеген. Французша ән айтқанда, жұрт ұйып тыңдайды екен. Жұбайы Сағида Мұхамет-Рахымқызымен тату ғұмыр кешкен. Ресей мұрағаттарынан алынған жеке ісіндегі құжаттар бойынша, әкесі — Тұрлыбай да, шешесінің аты — Алтын.
Диплом алғаннан кейін Айдархан Омбы палатасы сот хатшысының көмекшісі ретінде Омбыға кетеді. 1902-1917 жылдары Омбының заң орындарында адвокат болып қызмет етіп, «присяжный поверенный» болады. Оның заң ғылымдарының жетік маманы, іскер жан екендігі туралы 1917 жылы «Қазақ» газеті де жазған болатын.
Төңкеріс жылдары қазақ қоғамындағы қоғамдық-саяси қозғалысқа белсене араласып, ел келешегі үшін маңызды істер атқарған. Соның бірі — 1917 жылы 25 сәуір мен 5 мамыр аралығында Омбы қаласында өткен Ақмола облыстық қазақ съезіне төрағалық етуі.

Бұл сиезде де, әдеттегідей, әр өңірден келген 150-ге жуық делегат бұрынғы жергілікті билікті тарату, земство енгізу, ана тілінде оқыту және жалпы білім беруді тегін жүргізу, дін мәселесін, әсіресе жер мәселесін (жер бөлінісі, яғни бірінші кезекте қазақтардың қамтамасыз етілуі және олардан тартылып алынған жерлердің қайтарылып берілуі), басты тақырып етіп, жан-жақты қарастырады. Ал ел ағаларының басын қосып, ел қамын талқыға салуға, игі жақсылардың кеңесуіне бола ұйымдастырылған Ақмола облысы қазақтарының ІІ съезіне, өкінішке орай, ел басшыларымен бірге әр тараптан ақын, өлеңші, жыршы сияқты өнер адамдары да жіберіледі. Сөйтіп, съез қызықпен өтеді. Сиездің қызық үшін ұйымдастырылмайтындығы жөнінде «Қазақ» газетінде сөз болып, мұны кезінде Айдархан да өткір сынға алады. Сиездің той емес, бата оқыр еместігін айта келген ол — елдің ойын айтатын адамдардың келмегеніне, керісінше ойын-сауық қуған өлеңші, әнші, ақындардың жиналғанына өкініш білдіреді.

1917 жылы Алаш партиясы құрылатын (І съез) және Алаш автономиясы жарияланатын (ІІ сиез) жалпықазақ сиездерінің ұйымдастыру, өткізу ісіне белсене араласқан Айдархан Тұрлыбаев Алашорда үкіметі төрағасы сайланған сол ІІ съезде төрағалыққа лайық деп танылған 3 адамның қатарында болады. Үшіншісі — Бақтыгерей Құлманов. Дауыс нәтижесі бойынша төрағалыққа Әлихан Бөкейхановтың сайланғаны тарихтан белгілі, ал Айдархан екінші орынға шыққан.

А.Тұрлыбаев Алаш милициясын ұйымдастыруға да белсене атсалысып, Семейде бір Алаш полкін құруға Х.Ғаббасов, М.Тынышбаев, Б.Мәметовтермен бірге жұмыла кіріскен.
1918 жылдың 18 қарашасында Омбыдағы дирекция құлап, үкімет билігі адмирал Колчакқа өткен кезде, Алашорда үкіметі онымен келіссөз жүргізбек болады. Содан Колчак үкіметі ішкі істер министрінің орынбасары П.Ф.Коропачинскийдің төрағалығымен 1919 жылдың 11 ақпанында Омбы қаласында өткен «Қазақ-қырғыз халқының әкімшілік-шаруашылық құрылымы туралы мәселе» бойынша ведомствоаралық құрылым жөніндегі мәжіліске Алашорда үкіметінің төрағасы Ә.Бөкейхановпен бірге оның мүшелері ретінде А.Тұрлыбаев пен У.Танашев да барады.
А.Тұрлыбаев Императорлық университетті тәмамдаған уақыттан Омбы, Тобыл аймақтық сотында әр түрлі лауазымда қызмет еткен. Сот қызметіне кіші кандидат, азаматтық департамент хатшысының көмекшісі, коллеждік хатшысы, сот қызметіне жоғарғы кандидат, дәрежелі кеңесші, сот коллеждік асессоры, сот алқа кеңесшісі, Омбы аймақтық сотының мүшесі болады. Оның қызметі туралы деректер Омбы мұрағатында сақталған. 1911 жылдың қараша айында басталған жеке іс қағазында Айдархан 1934 жылы абақтыға жабылып, онда 6 ай отырады. 1937 жылы 14 маусымда қайта қамауға алынып, «ұлтшыл», «ұлттық буржуазия өкілдерінің сойылын соғушы» ретінде айыпталып, оған сол жылдың 17 қарашасында Омбы ІІХК ату жазасын (№7396 іспен қаралады) үкім етеді. Үкімет тарапынан тек 1957 жылы ғана ақталады. Қазірде Омбы облысы федералдық қауіпсіздік қызметі мұрағатында «кеңес өкіметіне қарсы саяси-төңкерістік әрекеті үшін» деген жалған айыппен атылған А.Тұрлыбаев пен оның серіктестеріне қатысты том-том істер сақтаулы тұр.

Айдархан Тұрлыбаевтың Жақып Ақбаевпен қатар оқып, бір пәтерде жатқандығын жоғарыда айтқан болатынбыз. Студент кездерінен өзара жақын достасып кеткен олардың дипломдық жетекшілері де бір адам болған. Адольф Христианович Гольмстен (1848-1920) — азаматтық құқық саласында бірқатар салмақты еңбектер жазып қалдырған ғалым. 1899-1903 жылдары аталмыш университеттің ректоры болған. Міне, сол ректор болып тұрған кезінде Айдарханның «Брачное право киргизъ» тақырыбындағы дипломдық жұмысына, бір жылдан кейін Жақыптың жұмысына жетекшілік етеді. Университет ректорының екеуіне бірдей жетекшілік етуіне қарағанда, оның назарына қатар іліккені, яғни жұптары жазылмаған дос болғандығы тағы да аңғарылады.

Бір айта кетерлігі — Айдарханнан бір жыл кейін қорғаған Жақыптың дипломдық жұмысының тақырыбы да осы өзектес. Алайда Айдархан өз жұмысында қазақ әдет-ғұрып заңдарының сипатын, оның көшпенді қазақ жұртында алатын ролін, жеке нормаларының айшықты тұстарын анықтауға ден қойса, Жақып Еуропа елдеріндегі құқық жүйесімен салыстыру арқылы онан әрі дамыта түседі. Жұмысты жазу барысында Айдархан үлкен ізденістер жасайды. Санкт-Петербург мұрағатында оның өз қолымен жазған нұсқасы сақталыпты. Көлемі жағынан 75 беттен тұратын дипломдық жұмыстың бірінші бетінде А.Х.Гольмстеннің «весьма удовлетворительно» (қазіргіше — «өте жақсы» деген баға) деген жазуы мен қолы бар.

Неке және отбасы хұқығының дала заңындағы қалыптасқан үлгілерін сипаттай келе қызға қырық үйден тыю берген қазақ халқының әйел затын тәрбиелеу ғұрпына орайластырылған қағидаларынан да айналып өтпеген. Және мұнысы арқылы әмеңгерлік институтының жетістіктері де айқындала түскен: «Юридическое значение обычая «урын-келю» заключается в следующем:

Еліміз тәуелсіздік алғалы, жоғымыз түгенделіп, жыртығымыздың бүтінделгені рас. Ата заңымызды қабылдадық. Біздіңше, сол заңдарды қабылдағанда, ең алдымен, мемлекет атын иемденіп отырған халықтың тарихындағы талай ғасырлық тәжірибеден өткен, талай ұрпақ мақұлдаған және сол арқылы демографиялық мәселелерін ретке келтіріп отырған заңдарды да ескерудің маңызы ерекше. Халық әдет-ғұрпының заңдық күші және кейінгі заңдарды солармен сабақтастыра отыру туралы кезінде С.Зиманов сынды ағаларымыз, алдыңғы буын заңгерер де айтып кеткен болатын. Сондықтан атадан қалған мұра, жәдігерлердің осындай жағдайлар үшін ауадай қажет екендігі ұлт жанашырларының қай-қайсысын да толғандырса керек. Қарқынды түрде етек алған жаһандану үдерісінің ағынымен кетіп, баба мұраларын жандандырмасақ А.Тұрлыбаевтың ғана емес, оның арғысы мен бергісіндегі жақсылардың да аманатына дұрыс қарамағандық болады деп есептейміз.

Сонымен, жоғарыда келтірілгендерді саралай отырып, Айдархан Тұрлыбаевтың Алаш қозғалысына белсене араласқан ірі тұлға, ұлт жоқшысы болғандығына көз жеткіземіз. Сонымен бірге бабадан қалған мирасқа асқан сауаттылықпен қарап, халықтың демографиялық жағдайы үшін әдет-ғұрпымыздағы құндылықтарды сақтап қалу керектігі туралы көрегенділік танытуы арқылы да ел мүддесін ойлаған азамат екендігі айқындала түседі.
Айдархан Тұрлыбаевтың ғұмырнамалық жолы, сондай-ақ ұлтымыздың жарқын болашағы үшін көтерген жасампаз идеялары, бастысы, сол бағытта атқарған ерен еңбектері жөнінде жасалған шағын шолуымыздан жеткіншек ұрпақ, яғни ұл-қыздарымыз байыбына барып, тағылым алса, қажетіне жаратса дейміз. Ендеше бұларды зерттеу, артық-кемін екшеп ел игілігіне жарату — алдағы күндері де жалғаса беретін келелі іс.

Анар Толеубаева, Семейдің облыстық тарихи-өлкетану музейінің жоғары дәрежелі маманы

От Semeyainasy news

Посмотрите также...

_20170503_125427

Бойцы вспоминают минувшие дни…

Семей.03.05. «Semeyainasy» — Чем дальше мы уходим от времен  Великой Отечественной Войны, тем дороже и …

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

СЕМЕЙ АЙНАСЫ

СЕМЕЙ АЙНАСЫ