Домой / Интересные люди / Журналист. Қайраткер.Тұлға.

Журналист. Қайраткер.Тұлға.

%d0%b2%d0%b2

ХХ ғасыр басындағы қазақ мәдениетінің тарихында із қалдырған тұлға Нәзипа Сегізбайқызы Құлжанованың туғанына — 170 жыл.

Нәзипа Сегізбайқызы Құлжанова 1887 жылы 27 шілдеде Қостанай облысының Жанкелдин ауданында (Бұрынғы Торғай облысы Жанкелдин ауданы) дүниеге келген. Н.Құлжанова әуелде Торғай қаласындағы приходская школада оқып, 1902 жылы Қостанайдағы гимназияны тәмәмдаған. 1903-1904 жылдары Торғайдағы әйелдер училищесінде мұғалімдік қызмет атқарған. Ерлі-зайыпты Нәзипа мен Нұрғали Құлжановтар

Семей қаласына 1905 жылы келіп, ұстаздық қызметтерін бастаған сияқты. Шындыққа жүгінсек, Нұрғали Құлжанов өз заманындағы биік білімді азамат, ұстаз, қажымас қайрат иесі, бірбеткей, шыншыл азамат болған. Құлжановтардың Семейге келуін зерттеушілер екі түрлі жағдаймен түсіндіреді. Бірінші пікір 1905 жылы ішкі Ресейден көтерілген төңкеріс толқынының қазақ ауылына жетуімен, яғни Құлжановтардың патша сақшыларының «назарына ілігуімен» байланысты. «Осыны сезген Нұрғали мен Нәзипа Торғай облысынан шеткері жатқан сахара төріне қарай – Семей қаласына кетеді». Екінші пікірді ұсынушы Н. Құлжанованың ата-анасының ескі әдетпен қызы үшін қалың мал алып қойғандығына назар аударады. Санкт-Петербург қаласының мұрағаттар қорынан алынған деректе төмендегі жәй көрсетілген: Сайып келгенде, жастардың басына түскен шырғалаң олардың аулаққа кетуіне себеп болғандай. Екі пікірдің екеуінің де өмір сүруге хұқы бар екендігі дау туғызбайды. Ерлі-зайыпты Құлжановтар Семейге келген кезде бұл қала Қазақстандағы ірі мәдени-ағарту орталығы дәрежесінде еді.

ХІХ ғасырдың екінші жартысында Семей қаласында түрлі мәдени, ағарту, ғылыми мекемелердің ашылуы кездейсоқ жағдай емес еді. Сол игі істердің ХХ ғасыр басында жалғасын табуы қала өміріндегі қайталанбас тарихи оқиғалар қатарында. Атап айтқанда, 1902 жылы Орыс географиялық қоғамының Семейдегі бөлімшесі ашылып, оның «Жазбалары» жүйелі түрде жарық көруі, 1903 жылы ірі оқу орны Семей оқытушылар семинариясының ашылуы, 1912 жылы қалада «Жәрдем серіктігі» баспаханасы ұйымдастырылып, онда 8 кітаптың жарық көруі – Қазақстанның өзге өлкелерінде байқалмаған құбылыс. Нәзипа Сегізбайқызы мен Нұрғали Құлжанұлы Орыс географиялық қоғамының Семей бөлімшесіне қызметкер мүше болып 1913 жылдың 25 қырқүйегінде жалпы жиналыстың шешімімен сайлануы – сөзімізге толық дәлел. Әсіресе, Императорлық Орыс география қоғамының Батыс Сібір бөлімінің Семей бөлімшесінің есебіне қарағанда 1914 жылдың 1 қаңтарында барлығы 137 мүше болған, оның 4 құрметті мүшелер, 113-толық мүше, 20-қызметкер мүшелер, соның ішінде қаншама ұлт өкілдерінен бірде-бір әйел болмаған, ал жалғыз қазақ қызының, Нәзипа Сегізбайқызының тізімде тұруы адамға ерекше әсер етеді. Семей зиялыларының назарына ілігіп, қайраткерлік биікке көтеріле бастаған аяулы жанның әлеуметтен алған алғашқы бағасы еді. Құлжановтар Семей оқытушылар семинариясына мұғалімдік қызметке келген. Семей семинариясы іргелі оқу орны болған, онда қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезов пен ұлы ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың оқуы, сондай-ақ энциклопедист-ғалым Әлкей Марғұланның білім алуы зор мақтанышпен айтылады.

Нәзипа Сегізбайқызы күнделікті мұғалімдік қызметпен шектелмей қазақ халқының ауыз әдебиеті үлгілерін жинақтау, музыкалық фольклорына көңіл бөлу, қала өміріндегі маңызды мәдени-ағартушылық шаралардың жүзеге асуына ұйытқы болу жағына баса назар аударады.

Ұстаз, ағартушы, Орыс географиялық қоғамының белсенді мүшесі болған қайраткер Нәзипа Сегізбайқызы Құлжанованың көп салалы, жан-жақты шығармашылық еңбегінің бір қыры журналистік жолға арналған. «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің ХХ ғасыр басында қазақ баспасөзінің қанаты қатайып, қоғамдағы ықпалды күшке айналуындағы ықпалы ерекше.

Н.Құлжанова сол тұстағы баспасөз ісіне тікелей араласып, оның іргесінің бекуіне, ұстанған жолының бедерлі сипатқа иеленуіне қалам қайратын жұмсады.

Тұтастай алғанда, ХХ ғасыр табалдырығын аттай бере қазақ елін ұйқыдан оянуға, алға ұмтылуға үндеген алаш ардагерлері қоғамдық сананың өсуіне бар салада қолғабысын тигізуді мақсат еткен. Назар салып қарасаңыз, Әлихан Бөкейханов – жоғары білімді маман-инженер, қоғам қайраткері, Ресей мемлекеттік думасына сайланған, журналист, жазушы, аудармашы; Ахмет Байтұрсынов – ұстаз, ағартушы, ақын, оқулықтардың авторы, аудармашы; Міржақып Дулатов – ақын, газет редакторы, қазақтың тұңғыш романын жазған, аудармашы, журналист; Жүсіпбек Аймауытов – ақын, жазушы, композитор, оқулықтар авторы, аудармашы, журналист. Бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Ойланып қараған сайын олардың талантына таң қалып, тәнті боламыз. Алаш қайраткерлері қазақ қауымы алдыға қойған барша мәселелерді шешуге араласу ісін өз өмірлерінің мақсаты етіп қойғандай, келер ұрпаққа аманаттап қалғандай әсер етеді.

Нәзипа Құлжанова да журналист ретінде қолына қалам алғанда абзал ағаларының өміршең үрдістерін жадында бекем ұстаса керек. Арнайы журналистік оқып, тауқыметі мол баспасөз қызметкері болуды алдына мақсат етіп қоймаса да қалам қайраты жеткенше жазу ісіне араласып, қолқабысын тигізуді лайық көрген Н.Құлжанова.

Қолына қалам ұстап баспасөз майданына араласқан әрбір адам жазған дүниелерінен қарапайым оқырманға бағыт сілтеуді, жол көрсетуді, мүмкіндігінше оқушысын ізгілікке баулуды мұрат тұтады. Осы бір қаламгерлік жолда Нәзипа Сегізбайқызы үнемі күрделі де іргелі мәселелерді көтеруді жүрегімен ұққан, сол бағытта оқырман көңілінен шығып, өнегелі, үлгілі сәттерді көрсетіп қалуды ескерген.
Нәзипа Құлжанова әуелі әдебиетші ретінде көрінді. 1914 жылы Семейде ұлы ағартушы, ақын Абайдың қайтыс болғанына 10 жыл толуына байланысты Нәзипа Құлжанованың Абай туралы жасаған тамаша баяндамасын сол кездегі қазақ баспасөздері қуанып, зор құрметпен хабарлаған.

Нәзипа Құлжанова есімін қазақ оқырманына алғаш таныстырған «Қазақ» газеті. «Қазақтың» 1914 жылғы 30 наурыздағы санында оның «Қазаққа» мақаласы жарық көрген. Н.Құлжанова «Қазақ» газетінің шыққанына бір жыл толуын қуана қуаттай келе үш мыңнан астам оқырманы бар басылымның атқарған істеріне баға беріп, атқарылмақ шаруалар төңірегінде ой қозғайды. Ұлт үні санатына аса тез жылдамдықпен ілініп, жұрт сыйлайтын, асығып күтетін басылымға айналып келе жатқандығына қуанышын жасырмайды. Тағы да «Қазақ» газетінде жарияланған екі мақала «Семейден» (1915ж. 9 мамыр) Семейде 1915 жылдың 13 ақпанында Н.Құлжанованың өзі ұйымдастырып, өткізген кештің мақсаты мен маңыздылығын баяндайды. 1914 жылы өткен кеште, негізінен, Абай Құнанбаев пен Ыбырай Алтынсарин шығармалары орындалса, келесі кештің бағдарламасындағы «Біржан-Сара» айтысы мен бақсы сарыны жөнінде цензура рұқсат бермей, қатты қинайды. Негізінен қазақ тілінде өткен екі кештің де бағдарламасының орысша жасалуы, афишасының орыс тілінде ілінуі де цензураның қатаң талаптарының салдары еді.

1920-1921 жылдары Ақмола уездік партия комитетінде жауапты қызмет атқарады. 1922 жылы Қазақ АССР Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы және «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы Сәкен Сейфуллиннің арнайы шақыртып алдыруымен осы газеттің редакциясына қызметке орналасады. Газеттің редакция алқасы мүшелерінің бірі, әрі белгілі авторы болып қызмет атқарады. Н.Құлжанова өзінің жеке басымен санаспай қоғам алдына қойған, әлеумет ұсынған жұмыстардың қай-қайсысын да жатсынбаған. 1923-1925 жылдары «Қызыл Қазақстан» (қазірде «Ақиқат») , 1925-1929 жылдары «Әйел теңдігі» («Қазақстан әйелдері») журналында жауапты хатшы қызметкерлерінің бірнеше буынының тәрбиеленуіне зор үлесін қосқан.

Н.С.Құлжанованың баспасөзде жарияланған дүниелерінің басым бөлігі әйел тағдыры, оның хал-тұрмысы, қоғамдағы орны сияқты өзекті мәселелерге арналған. Бұл қатарда «Қазан төңкерісі және қазақ әйелі», «қазақ әйелдеріне», «Жұма күндері қазақ әйелдеріне кеңес», «Жалпы әйел мейрамы», «Көңілді түрде өтті», тағы басқа мақала, хабар, суреттемелерін атау ләзім. Мақала Қазан төңкерісінің бес жылдығына арналып жазылғандықтан патшалық заман мен төңкерістен кейінгі уақыттағы қазақ әйелінің жағдайы салыстыра сөз етіледі. Ендігі жерде әйелдерге арналған газеттер мен журналдар шығару ісін көтеріп, сол баспасөз орындары арқылы келелі мәселелерді қозғау, оларды жан-жақты талқылау тәрізді маңызды істерге дереу көңіл бөлу құнтталады. Нәзипа Құлжанованың бірін-бірі толықтырып, байытып тұрған «Жалпы әйел мейрамы» және «Көңілді түрде өтті» мақалалары. Н. Құлжанова мақалаларының үлкен тобы баланың күтімі, баланың тәрбиесі және баланың денсаулығы тәрізді зәру мәселелерді қозғаған.1927 жылы Нәзипа Сегізбайқызы «Әйел теңдігі» журналында «Дені саудың – жаны сау» тақырыбын ашып көрсеткен мақалалар жарияланған. Мұның ішінде арнайы жазылған дүниелер де, сондай-ақ бұрын сөз еткен «Ана мен бала» (Қызылорда, 1927) кітабынан алынған мақалалар да кездеседі.

Н. Құлжанованың журналистік жолы сөз болғанда оның әйелдерге арналған газет, журналдардың барлығына ат салысқандығын айтуымыз жөн.
Н. Құлжанова кәсіпқой жазушы болу мақсатын алдына қоймаған. Бірақ зор білімді, журналист ретінде қаламы төселген жан бойындағы жазуға деген икемнің бар екендігін жоққа шығармаған. Асқар мақсаттарға ұмтылу, биік шыңдарды алуды нысана етпесе де, жазу-сызумен шұғылдануды машық қылып, әдетке айналдырған.
Революциядан кейін Н.Құлжанова газет, журналда ағарту қызметкері болып істеді. Мақалалар мен әңгімелер жазды. Н.Құлжанова көркем шығарма жазу, аударуға да, әдеби сын, зерттеу жазуға да қабілетті, білімі мен мәдениеті жететін тұлға еді.

Жазушылық, сыншылық бағытында да едәуір мұра қалдырған Н.Құлжанованың маңызды еңбегі – «Ақын Шолпан».
Н.Құлжанованың өмірі мен шығармашылық еңбегі жөнінде ізденістер жасап, мақалалар жариялаған ғұмырнамасын жазушылар бірауыздан оның 1929 жылдың аяғы 1930 жылдың бас шенінен денсаулығының күрт төмендеуіне байланысты қызметін де доғарып, жазу-сызуды азайтқанға ұқсайды деп көрсеткен. Өйткені, өмірінің соңғы 3-4 жыл көлемінде Нәзипа Сегізбайқызы жазған мақалалар кездеспейді.

Нәзипа Құлжанова 1934 жылдың наурыз айында небәрі 47 жаста жарық дүниемен қош айтысқан. Бірақ, қайраткер қазақ қызының өмірі де, сол қысқа өміріндегі тарам-тарам бағыттағы сан-салалы қызметі де ұмытылмайды.
Міне, біз сөз еткен мақала, очерктері мен көркем шығармалары Нәзипа Сегізбайқызының артына елеулі мұра қалдырған қаламы ұшқыр журналист, әрі жазушы екендігін айқын дәлелдеп береді.

«Қызыл Қазақстан» (бүгінде «Ақиқат») журналының сан жылдарды қамтитын тарихына барлай шолу жасаған академик Манаш Қозыбаев: «Журналдың бетінде алғаш қалам тербеген қайраткер қыздардың бірі – Нәзипа Құлжанова. Нәзипа апай әйел теңдігінің ең алғашқы жаршысы болды. Нәкеңнің журнал бетінде жарық көрген очерктері, мақалалары, өлеңдері бұл күндері өз зерттеушісін күтуде» /117, 67/, — деп қадап айтқан еді.
Аудармашыға, аударма өнеріне қойылатын талап өте биік, жүктелетін жұмыс аса жауапты. Нәзипа Сегізбайқызы Құлжанова талап биігінен де, жауапкершілік үдесінен де шыға білген. Онымен қоса өткен ғасырда қайта жандана бастаған аударма саласының бел ортасында жүруі таңданарлық ерлік. Шынында, Нәзипа Құлжанова – атқарып кеткен тарихи-этнографиялық, мәдени-ағартушылық, ұстаздық, журналистік еңбегімен қазақ мәдениеті тарихынан өз орнын ойып алатын аса биік бағаға лайық тұлға.

Біздің ізденістерімізбен Н.Құлжанова өмірі мен шығармашылығын зерттеу ісі аяқталады деу ағаттық болар еді. Әлі де зерттей беруді тілейтін, анықтай түсерлік мәселелер бар. Алдыда тұрған зор міндет – Нәзипа Құлжанова мұрасын тұтастай жинақтап, жеке кітап шығару, бүгінгі оқырманның назарына ұсыну басы ашық мәселе екендігі анық.

Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінің жоғары дәрежелі маманы Гүлнұр Шалатайқызы

От Semeyainasy news

Посмотрите также...

_20170503_125427

Бойцы вспоминают минувшие дни…

Семей.03.05. «Semeyainasy» — Чем дальше мы уходим от времен  Великой Отечественной Войны, тем дороже и …

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

СЕМЕЙ АЙНАСЫ

СЕМЕЙ АЙНАСЫ