Домой / Новости / ВКО / Жәдігер сыры

Жәдігер сыры

Семей. 14.01. “Semeyainasy” – Шығыс Қазақстан -Ресей, Қытай, Моңғолияның шекаралары түйіскен жерде орналасқан. Шығыс өңірі еліміз мақтан тұтар дарынды адамдарды, ел қорғаған батырлар мен батагөй билерді, жезтаңдай шешендер мен сұңғыла ғалымдарды дүниеге әкелген құт мекен.

Шығыс Қазақстан өзінің көрікті тума табиғатымен, жануарлар және өсімдіктер дүниесінің байлығымен талай жұртты таңдандырған әрі тамсандырған өлке. Бүгінгі таңда ол тәуелсіз Қазақстанның қуатты өнеркәсіптік аймағы, түсті металлургия орталығы, инновациялық экономиканың серпін беретін тірегі.  

Шығыс Қазақстан облысының жер қойнауы көптеген рудалы және рудалы емес кендерге өте бай. Кенді Алтай мен Қалба жотасында мыс, қалайы, алтын, күміс, қола дәуірінен бері өндіріліп келеді. Оған дәлел ретінде көптеген ежелгі кеніштерді айтуға болады.

Үлкен Алтайдың геологиялық құрылысындағы маңызды ерекшеліктері мен даму тарихында аймақтық металлогендік аудандарында көруге болады. Үлкен Алтайдың герцинидтерін төрт рудалық белдеуге бөледі: 1.Кенді Алтай алтын-мыс-полиметалл белдемі, 2.Сирек металды Қалба-Нарын, 3.Батыс Қалба алтын рудалы, 4. Көпметалды Жарма-Сауыр белдемі.  Солтүстік шығыста герцинидтерге Таулы Алтай темір-мысты  сирек металды металлогенді провинция, оңтүстік батыста Шыңғыс-Тарбағатай алтын сирек металды және мыс –колчеданды белбеу және Балқаш алтын-мыс-молибденді  провинция жапсарласып жатыр. Кенді Алтай белдеуі мыс, қорғасын, мырыш, алтын, күміс кендері бар өнеркәсіптік кен орындарын біріктіреді.  

Аймақтың геология мен жер қойнауының қазынасына көптеген геологтар ұзақ жылдар бойы зерттеген. 20 ғасырдағы 50 жыл ішінде Шығыс Қазақстан аумақтық геология басқармасының геологтары мен геофизиктерінің жер қойнауын зерттеудегі еңбегі зор. Сондай-ақ Қ.Сәтбаев атындағы геологиялық ғылымдар институты, көптеген зерттеу институттары қатысты. Геологтардың орасан зор ғылыми зерттеу еңбектерінің нәтижесінде Қазақстанның   түсті металлургиясының басты минералды шикізат базасы құрылды. Кен-металлург, кешен қазір Шығыс Қазақстан  облысының экономикасын анықтайтын бірден-бір сала. 

ХХ ғасырдың басында ұлт зиялылары тәуелсіз, ұлттық мемлекет құру жолында аянбай күрескенін білесіздер. Алаш қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейханов 1917 жылы Ұлттық жер автономия болсын деп айтқан еді. Алаш автономиясының жер үстіндегі түгі суы, астындағы кені Алаш мүлкі болсын деген. Себебі, Алаш сөзі қазақ деген ұғымды білдіреді. Бүгінгі тәуелсіз елімізде осы байлықтар өз еліміздің меншігінде мақтан тұтар байлығымыз болып табылады. Ендеше осы байлықтарға  осы құндылықтарға ерекше тоқталып өтейікші. Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінде  палеонтология залында  пайдалы қазбалардың картасы көрсетілген. Арнаулы карта бетінен біздің жеріміз мыс-мырыш және кобальт-никель кендеріне бай екендігін көруге болады. Семей өңіріндегі кен орындарда көбінесе құрылысқа керекті өнімдер шығарылған. Олар: құрылысқа керекті мрамор, извест, цемент, күкірт және т.б.  Ал, қазіргі кезде Қаражырада тас көмір шығарылуда, Бөке, Ақжол, Суздаль кеніштерінде  алтын өндірілуде.

Семей өңірінің қазба байлықтарын ашуға, дамытуға көп үлестерін қосқан Кучуков, Ахметов, Сухоруков сияқты талантты инженер – геологтар айтарлықтай еңбек сіңірді. Осы адамдардың жеке заттары мен фотосуреттері қойылған.  Геологтардың бас киімі (каскасы) және еңбек құралдарын көрулеріңізге болады. Қазақстан Республикасы бойынша  Семей қаласында геолог мамандарын дайындайтын «Геологиялық кен барлау колледжі» жұмыс істейді.

Сібір қазақтарынан шыққан, Семейлік қарапайым шенеунік семьясында туған Алексей Николаевич Белослюдов пен оның інілері Алексей, Виктор, Федор, Николай Қазақстанның шығысында өлкетану және музей ісінде зор еңбек сіңірген қайраткерлер. Әсіресе А.Н.Белосюдов қазақ пен орыс халықтарының ауызша шығармашылығын жинауда көп еңбек етеді. Ол жинаған екіжүзден астам ертегілер мен тоқсан жеті жұмбақтың көпшілігі әр кезеңде баспа беттерінен жарық көреді. 1914 жылы В.Н.Белослюдов құрастырған Семейдің қысқаша тарихи очеркі –өзінің ғылыми құндылығы жағынан күні бүгінге дейін маңызын жойған жоқ.

Ағайынды Белослюдовтар өздерінің екі қабатты үйлерінде  музей ашқан. Музей қорында 4000-ға  жуық жәдігер болған. 

 Семей өлкетанушылары, ХІХғ. соңы мен ХХғ. басында өмір сүрген Семейлік ағайынды Белослюдовтардың жинаған минералдар коллекциясы көрсетілген. Минералдар коллекциясы музейге 1916  жылы қабылданып, экспозицияға қойылған.

Осы орайда айта кетсем, геолог, ғалым Қаныш Сәтбаевта  кезінде  Семей мұғалімдер семинариясында оқыған. Қаныш Имантайұлы Сәтбаев, шын есімі Ғабдулғани 12 сәуір 1899 жылы Баянауыл ауданы, Павлодар облысында дүниеге келген. Ол жас кезінен тау-тасқа көз қанықтырып, сылдырап аққан тау бұлақтарының күміс үнін елти тыңдап, көкорай шалғынның хош иісті жұпар ауасымен тыныстап өсті.

Қ.Сәтбаев озық ойлы, профессор ғалым, дүниетанымы аса кең, ойшыл ғана емес, сонымен бірге мемлекет және қоғам қайраткері.

Аса көрнекті ғалым, СССР Ғылым академиясының академигі тағыда Қазақ ССР Ғылым академиясының тұңғыш президенті, Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты  Қаныш Имантайұлы Сәтбаев –өз дәуірінің  ғажап тұлғаларының бірі. Бойындағы қадір-қасиетін, қажырлы қайрат жігерін Отан үшін жұмсап, орасан зор ғылыми және мемлекеттік қызметінің бар жемісін халық игілігіне арнаған. Музей қорында   Қаныш Сәтбаевтың жеке заттары, суреттері, кітаптары сақталған. Оның ішінде Қаныш Сәтбаевтың шапаны, күміс ас қасығы, каскасы бар.

Толеубаева Анар Маратовна, Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінің жоғары дәрежелі маманы

                                           

                                                        

От Semeyainasy news

Посмотрите также...

30 миллиардов тенге дадут акиматам на ремонт многоэтажек

Читали: 24 Семей. 28.01. “Semeyainasy” – Из республиканского бюджета акиматам передадут 30 миллиардов тенге на …

СЕМЕЙ АЙНАСЫ

СЕМЕЙ АЙНАСЫ