Домой / Новости / Город / МЕМОРИАЛДЫҚ МУЗЫКАЛЫҚ АСПАПТАР

МЕМОРИАЛДЫҚ МУЗЫКАЛЫҚ АСПАПТАР

data-ad-slot="1867841055">

53

Ұлы Абай айтқандай, ілгеріде өткен ұрпақтардың ізгілікті істерін мәңгі есте қалдыру жолында 130 жылдан астам уақыт тынымсыз ізденіске толы еңбек үстіндегі, 118 мыңнан астам баға жетпес құнды жәдігерлер жинаған, жеті экспозиция залы мен бір көрме залы және Абай, Аягөз, Үржар аудандарының орталықтарында филиалдары бар Қазақстандағы көне музейлердің бірі – Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұжымы ғылыми зерттеу және өлкетану жұмыстарымен, жәдігерлерді жинау мен насихаттау, заманауи көрмелер мен тақырыптық экспозицияларды ұйымдастырумен тынбай айналысып келеді.
Ұшы-қиыры жоқ жазық дала мен зеңгір аспан, көшпелі өмір салты мен еркіндік сүйгіш, өз жүгін жаудан қорғау қажеттілігі мен ақынжандылық – осының бәрі қазақ халқын және оның ерекше бай музыкалық мәдениетін тудырды. Ұлттық қазақ зергерлерінің қолынан шыққан бұйымдардың сапасы жоғары болғандықтан, олар әрдайым сұранысқа ие болып, Семейді ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басында даңққа бөлеген жәрмеңкелерде олар Орта Азиядан әкелінген әшекейлермен бәсекеге түсетін.
Еліміздің әр түрлі музейлерінің қорлары мен экспозицияларында қазақтың төрт жүзден астам көне музыкалық аспаптары сақтаулы. Осы бай коллекциядан қазақтың музыкалық аспаптарын зерттеу үшін ғылыми құндылығы зор өте сирек кездесетін ондаған көне аспапты кездестіруге болады. Олардың арасында домбыра, қылқобыз, сыбызғы, шаңқобыз, шертер, шыңдауыл, даңғыра, дауылпаз, асатаяқ бар. Ленинград пен Москваның музейлері қазақтың музыкалық аспаптарына бай, бұл аспаптар мұнда өткен ғасырдың орта шенінен бастап түсе бастаған. Оларды жинауға алуан түрлі маман иелері: көрнекті ғалымдар, этнограф, тарихшылар, дәрігерлер, суретшілер белсене ат салысқан. Орыс ғалымдары халық әндерін жазып алумен және музыкалық аспаптарды жинаумен айналысқан, сондай-ақ халық творчествосын зерттеуге көп көңіл бөлген. Этнографиялық заттарды іздеу үшін арнайы экспедициялар ұйымдастырған.
Қазақ халқының көрнекті ағартушылары музыкалық этнографияға аса зор үлес қосты. Олардың ішінде ұлы ақын Абай Құнанбаев өзінің досы, мамандығы бойынша дәрігер, Харьков университетін бітірген саяси жер аударылған Нифонт Долгополовпен бірге 1885 – 1893 жылдар аралығында бірнеше музыкалық аспаптарды жинастырған. 1885 жылдың жазында Долгополов Абай ауылында қонақта болады. Ол Абай ауылынан 50-ден астам этнографиялық заттар жинаған. Абай әсіресе, ең сирек кездесетін музыкалық аспаптарды жинауға назар аударады. Семей қаласындағы Абайдың республикалық әдеби-мемориалдық музейінде үш ішекті екі домбыра, қияғы тым қарапайым екі қылқобыз, сыбызғы және әсем безендірілген сілку арқылы дыбыс шығаратын аспап асатаяқ сақтаулы. Бұл аспаптар 1883 жылы ұйымдастырылған Семейдің тарихи-өлкетану музейінің қорында 1964 жылға дейін сақталып келген. Бүгінгі таңда Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейі коллекциясында 20-ға жуық музыкалық аспаптардың түрлері сақталған. Оларды музей экспозициясынан көруге болады. Олардың қатарында шертелі аспаптардан: домбыралар, үш ішекті домбыралар, жетіген, шертер, қылқобыз, нарқобыз, адырна; үрмелі аспаптардан: саз сырнай, сыбызғы, шаң қобыз; ұрмалы аспаптардан: даңғыра, дауылпаз, сылдырмақ, асатаяқ, тай тұяқ сияқты аспаптары бар. Аспаптар шырша, , қарағай, емен, қайың, бал қарағай, қарағаш, жаңғақ ағашы тәрізді әртүрлі ағаштан жасалған, олар бір-бірінен үні, формасының өзгешелігі, құрылысы, қайталанбас ою-өрнегі, безендірілуі жағынан ерекшеленеді. Музыкалық аспаптардың әрқайсысының өзіне тән дыбыс тембрі (бояуы), динамикалық мүмкіндігі (ырғағы), белгілі бір диапазоны болады.Музыкалық аспаптардың дыбыс шығару сапасы аспаптарды жасауда қолданылатын материалдардың түрі мен қасиетіне, пошымына, дыбыс шығару тәсіліне байланысты. Музыкалық аспаптардың алғашқы қарапайым түрлері табиғаттағы түрлі дыбыстарға, адамның, хайуанаттардың дауысына еліктеуден шыққан. Ол «халықтық» және «кәсіби музыкалық аспаптар» болып бөлінеді. Әр халықтың музыкалық аспаптарының өзіндік ерекшеліктері болады.
Музей коллекцияларында бәрінен де домбыра көп орын алған. Домбыра – ХІХ ғасырда қазақ халқының тұрмысында анағұрлым өте кең тараған екі ішекті, көп пернелі музыкалық аспабы. Ол- қазақтар өмірінде маңызды орын алаты, өзіндік музыкалық сипаты бар аспап. Олардың кейбірі аса шебер жасалған. Көптеген домбыралардың бітімі өзгеше, безендірілуі әсем, ою-өрнегі ғажап. Оларды зер сала, саралай қарап отырып, аспаптардың жасалуы қандай-қандай жолдан өтіп, қалай дамығаны туралы түсінік алуға болады. Олардың кейбірінде баяғыда-ақ қолданудан қалып, жоғалған шертіп ойналатын аспаптардың жекелеген белгілері сақталған, ал мұның өзі зерттеушілер үшін аса бағалы материал. Қорда сақталған көне домбыралар бір-біріне мүлде ұқсамайды. Олардың кейбірінің шанағы сопақша болса, кейбірінікі дөңгеленіп, ал енді бірі үш бұрышты болып келген. Домбыралардың бастары да әртүрлі әдемі жасалған. Көлемі шағын, түрі мүлде қарапайым ол тұтас ағашты ойып жасалған, құрылысына қарағанда шертерге ұқсайды. Алғаш эпикалық дәстүр шеңберінде жыр, толғау, термелерді сүйемелдеуге қолданылған домбыра кейін аспаптық шығарма – күй жанрының қалыптасуына ықпал еткен. Қазіргі кезде домбыра жеке әнді сүйемелдеуге, күй тартуға, халықтық-фольклорлық музыкада, классикалық шығармаларды орындауға қолданатын, мүмкіндігі кең музыкалық аспап болып табылады. Домбыра ежелде қазақтың тарихын баяндаған музыкалық аспаптардың бірі.
Қылқобыздың да жасалуы да әртүрлі. Мысалы, екі аспаптың басына және мойнына үлкендігі әр қилы темір теңгешелер тағылған. Екіншісінің шанағына салпыншақтар, айна және дөңгелек қаңылтырлар бекітіліп, жиек-жиегін әдемілеп өрнектепті. Тағы бір қылқобыздың басы мен мойны сүйекпен әшекейленген. Барлық қылқобызға аттың қылынан екі ішек тағылыпты. Қобыздардың ішінде бақсылар пайдаланғандары жай адамдар тартқаннан өзгеше. Мысалы, бақсы қылқобыздың басына үкінің қауырсынын тақса, шанағына айна орнатқан, әртүрлі темір теңгешелер ілген. Бір қобыздың жасалуы өзгелеріне мүлде ұқсамайды, өйткені оның ожау сияқтанып жасалған қос шанағы бар.
Музей қорында асатаяқтың өте сирек кездесетін бір данасы сақтаулы. Оның басына төрт металл сақина және төрт дөңгелек жалпақ металл пластинка ілінген. Асатаяқты көбінесе бақсылар пайдаланған, өйткені олар асатаяқты сермеп бақсылық жасаған езде жаңағы темір теңгешелер бақсының әртүрлі қимылына орай сылдырлап-сыңғырлап алуан түрлі дыбыс шығаратын болған. Металл сылдырмақтарды, қоңыраулар мен сақиналарды тек асатаяқтан ғана емес, қазақтың басқа да музыкалық аспаптарынан көруге болады. Кішкентай қоңыраулар қылқобыз бен домбыраның басына, сондай-ақ шанағының ішіне де ілініп қойылатын. Мұның өзі темір теңгешелерді тек бақсылар ғана емес, сондай-ақ халық арасындағы орындаушылар да пайдаланғанын көрсетеді.
Әр жылдарда музей мамандары халық аспаптар коллекциясын, сондай-ақ халықтың әнші, күйшілерінің орындауында ән-күйлерді жазып алып, жинақтап зерттеуге кірісті. Кейінгі уақытта музейдің коллекциясы белгілі ғалымдардың, этнографтардың, музыка қайраткерлерінің сыйға тартқан музыкалық аспаптарымен толыға түсуде. Мысалы, әнші, сазгер Болат Сыбановтың баяны мен домбырасы, Сазгер Бекен Жамақаевтың баяны мен пианиносы, қайталанбас әншілер Мәдениет Ешекеев, Жәнібек Кәрменов және Келденбай Өлмесековтердің домбыралары, т.б.
Тағы бір құнды жинақ – Әсет Найманбаев бастаған көптеген ән мен күй дүлдүлдерінің өз орындауын жазылып алынған 100-ге тарта күй табақтардың сақталуы. Олардың ішінде ән атасы – Әміре Қашаубаевтың жазылған жанды даусы, Дина Нұрпейісованың, Күләш Бәйсейітованың, Жамал Омарованың, Байғали Досымжановтың, Жүсіпбек Елебековтың, Манарбек Ержановтың, ағайынды Мүсілім мен Ришат Абдуллиндердің, Ермек Серкебаевтың т.б. орындауындағы дүниелер музейдің алтын қоры болып табылады.
Көне музыкалық аспаптарды жинау ісінің таза танымдық тұрғымен қоса практикалық маңызы зор. Оларды мұқият зерттеу анағұрлым жетілдірілген жаңа аспаптар жасауға көмектеседі, ал мұндай аспаптарға жергілікті қолөнер шеберлеріне тапсырыс беріледі.
Қорыта келгенде, музыкалық аспаптар мен музыкалық мұралар қазақ халқының ежелгі құндылықтары. Халықтардың тарихи туыстастығы оның тарихы мен тілінде ғана емес, музыкалық өнерінде де сақталады. Көптеген тарихи, мәдени деректер бойынша – ежелгі заманнан әр халық өз өмір салтына, тұрмыс тіршілігіне байланысты өнер түрлерін дамытып оны рухани азық еткен. Түркі халықтарының музыкалық мұраларын осы заманға дейін жеткізіп келген музыкалық аспаптардың орны ерекше. Тарих қойнауынан бүгінгі күнге жеткен музыкалық аспаптар түрлерінің әр қайсысын тарихи айғақ, шежіре, дәлел ретінде қарастыруымыз қажет.
Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінің

«Ғылыми-әдістемелік және көпшілікпен экскурсиялық жұмыстар»
бөлімінің меңгерушісі Тортенова Гульнур Шалатаевна

От Semeyainasy news

Посмотрите также...

Даниал Ахметов: «Волонтёры могут помочь школьникам с дистанционным обучением»

Читали: 29 data-ad-slot="1867841055"> Семей. 25.01. “Semeyainasy” – В Восточном Казахстане подвели итоги года волонтёра. Как …

Добавить комментарий

СЕМЕЙ АЙНАСЫ

СЕМЕЙ АЙНАСЫ