Домой / Интересные люди / Мұстафа Шоқай кім еді?

Мұстафа Шоқай кім еді?

msh

Тұлғалар. Алаш арыстары. Мұндай жандар туралы Елбасы Н.Назарбаев: «Ұлы тұлғаларын білмейінше, бірде-бір дәуірді дұрыстап тану мүмкін емес.

Адам тарихының айнасынан біз тарих көшінің жүрісін ғана аңдап қоймаймыз, оның рухын, тынысын сезінеміз. Сондықтан халқы мен елінің алдындағы өздерінің перзенттік парызын айқын да анық түсінген, қандай да қиын-қыстау жағдайда оны адал орындаудан жалтармаған адамдар қай дәуірде өмір сүрсе де, дәйім жұртының азаматы болып қала бермек. Тарихтың қай кезеңінде болсын, олар өз ұлтының бетке ұстар мақтанышы болып келген», — дейді. Осындай тұлғалардың бірі – Мұстафа Шоқай. Ол – Алаш қозғалысының төл перзенті, Алаш идеялары мен мұраттары аясында қанаттанған, қазақ, өзбек және басқа да түркі халықтарының ұлттық бостандығы үшін күресінің стратегиясы мен тактикасын айқындаған қайраткер. 1910 жылы Санкт-Петербург университетіне оқуға түскен күнінен бастап М.Шоқай дүниетанымының қалыптасуы, бір жағынан, түркішілдік-мұсылмандық қозғалыстың (С.Жантөрин), екінші жағынан «батысшылдар» демократиялық-либералдық қозғалысының  Ә.Бөкейханов ықпалымен өтеді.

1914 жылдың көктемінде Мұстафа Шоқай Петербургте оқып жүрген түркі жастарының патша өкіметінің ислам діні жөніндегі саясатына байланысты баспасөз бетінде жарияланған үндеуіне қатысады. Оған сол кезде империя астанасындағы 31 өзбек, татар, башқұрт, қазақ студенттері қол қояды. Мұның өзі Мұстафаның саяси қозғалысқа біржолата тартылуының, ұлттық мүдде жолындағы күрескерлер қатарынан берік орын алғандығын көрсетеді. Түркі халықтары тарапынан сөйлейтін бүркеншік діни құрылымдар мен басылымдарды ұйымдастыру арқылы патша өкі­метінің ұлт-азаттық қозғалысын іштен бүлдіруге бағытталған арандатушылық саясатының қауіптілігін жете түсінуі, ол жөнінде өз пікірін ашық білдіруі, М.Шоқайдың саяси ұйымының қалыптасып, шыңдала түскендігінің куәсі еді.

Ауыл молдасынан хат танығаннан кейін 1902 жылы Ташкенттегі ерлер гимназиясына оқуға қабылданады. 1912 жылы Санкт-Петербург Императорлық университетінің заң факультетін бітірген. Ағылшын, француз, түрік,өзбек,орыс тілдерін білген. Студенттік жылдары империя астанасындағы демократиялық қозғалыстарға қатысады.                                   

Ақпан төңкерісіне дейін Алаш көшбасшысы Ә.Бөкейханмен бірге Ресей Мемлекеттік Думасының мұсылман фракциясында хатшы қызметін атқарады. 1916 жылғы дүрбелең кезінде Түркістан және жалпы қазақ жеріндегі бассыздықтарды әшкерелеп, Мемлекеттік Думаға арнайы құжатты мәліметтер ұсынады. Сөйтіп, осыған байланысты комиссия құруға себепші болады. 1917 жылы төңкерістер тұсында мықты Түркістан мемлекетін құру идеясын ұстанады. Ташкентте «Бірлік туы» газетін ашады. Орынбордағы Алаш қайраткерлерімен тығыз байланыс ұстайды.

Алаш партиясының бірінші жалпықазақ съезінің де, Алаш автономиясы жарияланатын екінші жалпықазақ съезінің де ұйымдастыру және өткізу жұмысына белсене қатысады. Алғашқы съезде «Шора-и-ислам» жұмысына қатысатын 8 қазақ өкілінің бірі болды. Екінші съезде Алашорда үкіметі — Ұлт кеңесіне Сырдария атынан кіреді. 1917 жылы Жаңа Марғұланда өткен өлкелік мұсылмандар кеңесінде қайраткер Бүкілтүркістандық мұсылмандардың құрылтайын Қоқан қаласына шақыру туралы бастама көтереді. Қарашада Қоқанда Түркістан автономиясын жариялау шарасына бастан-аяқ қатысады.

Түркістан аймағы үшін осы ерекше жиын — 1917 жылы 26 қараша күні Қоқанға шақырылған өлке мұсылмандарының IV төтенше құрылтайы еді. Аталған құрылтай 26-27 қараша аралығында өтті (жаңаша ресейлік жыл санау бойынша 9-10 желтоқсан).

Бұған Сырдария,Закастий, СамарқанФерғанаЖетісу облыстарынан 200-ден аса делегат қатысты. Олардың ұлттық құрамы да айрықша: қазақ, өзбек, түркімен, қырғыз, әзірбайжан, тәжік, орыс, украин, поляк, еврей т.б. Бұл оның халық деген ұғымды Түркістанның тарихи тағдырымен байланыста қарағанын көрсетеді. Осы жиын делегаттары 27 қараша күні «Түркістан территориялық автономиясын» жақтап, дауыс берді. Өз атымен айтсақ — Түркістан мұхтарияты. Аталған IV құрылтай Түркістан автономиясының немесе Түркістан мұхтариятының «Халық кеңесін» (мұны бүгінгі парламентпен салыстыруға болады) сайлады. Оған 36 түркістандық (Түркістанның жергілікті халқынан шыққандар) және 18 өзге ұлт өкілдері енді. Халық кеңесінің төрағалығына — Серәлі Лапин, кеңес басшылығы құрамына — Мұстафа Шоқай, Убайдулла Хожаев, Бехбуди сайланады.

Түркістан автономиясының Халық кеңесі үкімет жасақтауды қолға алды. Мұны олар «уақытша үкімет» деп белгіледі. Сонымен Түркістан үкіметінің мүшелері мына тұлғалар: Мұхаметжан Тынышбайұлы — Үкімет төрағасы және ішкі істер министрі; Мұстафа Шоқай — Ұлттық кеңес төрағасы және сыртқы істер министрі; Шахислам Шахиахметов Үкімет төрағасының орынбасары және қаржы министрі; Әбдірахман Оразайұлы — кейінгі ішкі істер министрі; Үбайдулла Хожаев — әскери істер министрі; Насырхан төре — халық ағарту министрі; Мірәділ Мырзахметов — әлеуметтік істер министрі; Хидаятбек Юрғули Ағаев — ауылшаруашылығы министрі; Әбитжан Махмұт — азық-түлік министрі; Саломон Гердфельд — азшылық ұлт өкілдерінің министрі. Осы кезде М.Шоқай бастаған зиялылар азшылық ұлт өкілдері көшбасшыларына ғасырлар бойы азаптанған Түркістан тағдырына және шөре-шөре болып қалған өз тағдырына ақыл көзімен қарауды сұрады. Осыған байланысты кейін бір еңбегінде Мұстафа Шоқай 1917 жылы Петерборда болған бір пікірталасты есіне алыпты. Мәселе мынада екен, Уақытша үкімет Түркістанға жұмыс күшін апару жайын қарайды. Сонда түркістандықтар жағдайды ушықтырмау үшін алдағы 25 жылда өлкеге жұмысшыларды әкелуді сұраған. М.Шоқай ондай күш қажет болса, «орыстардың орнына татар мен башқұртты жіберу» мәселесін күн тәртібіне қояды… Ал енді М.Шоқай түркістандықтардан тек жақсылық көрді деу де ақылға сыйымсыз. «Бірлік туы» газетіне 1918 жылы 18 наурызда жарияланған «Тау арасынан» жасырын жолданған әйгілі хатында оны Гаухана, Маймүбәрак, Құмбаста сарттары қалай өлтіре жаздағаны жазылған. Түркістан автономиясын  қырған большевиктік қара күш пен жергілікті бағдарсыз күштің айырмасы шамалы еді.

1918 жылы қаңтарда Түркістан автономиясының алғашқы үкімет басшысы М.Тынышбаев өз еркімен жұмыстан босағанда, М.Шоқай осы қызметке сайланады. Большевиктер бұл автономияны ақпанда қанды қырғынмен таратты. 1918 жылы қыркүйекте қайраткер Самарада бас қосқан Ресейдің азаттық жолындағы күрескерлерінің Құрушы мәжілісіне (Комуч) қатысады. 1919 жылы ақпанда Түркістан мемлекеті бағдарын одан әрі қозғау үшін Бұхар әмірлігі мен Закаспийдегі ағылшын корпусы басшылығымен келіссөзге Ашхабадқа келеді. Сол жылы Баку мен Тифлисте сәл аялдап, (гүржі жерінде «Яни дүния», «Шафак» атты газеттер шығарысып, «Вольный горец» басылымына атсалысады) Ыстамбұлга аттанады.

Әлемге аты мәлім қоғам қайраткер, саясаткер, ақиқат жолына бас тіккен, азаттық үшін тағдырдың азабы мен мазағын көтерген, әділеттен басқа досы жоқ, адалдықтан басқа жолы жоқ Мұстафа Шоқайдың біртұтас Түркістан мемлекетін құрудағы қызметі, қайғысы, қасіреті, мақсат – мүддесі кешегі кеңес үкіметі кезінде құлып астындағы құпия болды. Күллі түрік миллетінің туыстық бірлігін сақтап, Түркістан автономиясын құру тұрғысындағы М.Шоқайдың жанкешті қызметін кеңес идеологтары жаулық әрекет сипатында көрсетті. Мұстафаның інісі Нұртаза мен туысы Мырзеке Қалымбетұлы «халық жауымен» хандық қатысы болғаны үшін атылды. Қалғандары қуғын-сүргінге түсті. Ал мемлекеттік тапсырыс бойынша отставкаға ҰҚК қызметкері Ж.Шәкібаев «Үлкен Түркістанның күйреуі» атты кітап жазып, М.Шоқайдың қоғам алдындағы жұмысын жоққа шығаруға тырысты. Ал Мұстафаның кінәсы — өз ұлтына деген шексіз сүйіспеншілігі еді. Айыбы –атамекенге, ана сүтіне адалдығы. М.Шоқай өле-өлгенше осы бағытынан айныған жоқ. Уақыттан асқан кемеңгер бар ма, қазақ зиялылары жан алып, жан беріскен ел егемендігі тарихи мерзімі жеткен күні өз аяғымен келеді. М.Шоқайдың бүкіл өмірінің мәні мен мағынасы, арманы осы егемендік, өлмес рух елімен қайта табысты. Өмір озады, өмірден тозбайтын ештеңе жоқ. Зат та, жер мен көк те, адамның аты да ескіреді. Бірақ, қараңғылық қойнауында жанған шамшырақтай Мұстафа есімі жыл өткен сайын жарқырай түсуде.

Мұстафаның 1886 жылы 7 қаңтарда Сыр бойында Сұлутөбе секілді ауылда, кірпіштен салған қазақы үйде дүниеге келіп, саясаттың биік тұғырына көтерілуі көбіміз үшін таңғаларлық жағдай. Бала күнінен киіз қазақтың тәрбиесін алады. Осылайша он төртке толар-толмас жасөспірім көзіндегі жасты сүртіп, әділеттің ауылын нұсқауға жарап қалады. Ел ішіндегі әлеуметтік теңсіздіктерді танып біле бастайды. Түркістан халқының қамында бір қасиет пен кесапатты өмірге тоқиды. Өмірден осы кезде алған екінші сабағы – орыс өктемдігі.

Ташкенттегі орыс ұлты мен жергілікті халық арасындағы әлеуметтік теңсіздікті, келіспеушілікті көзімен көрді. Ұлтжандылық сезімінің оянуына алдымен орыс шовинизмі ықпал етті. Алғашында орыс алпауыттары мен патшаның Ресейдің отаршылық саясатына саналы түрде қарсы шыққан, интеллект түрінде қорғанды. Ауыл қазағының арыз-шағымын жазып, дауына араласу гимназиядағы сабағына көп кедергісін келтірді. Ауыл баласы әлеуметтік мәселемен генерал Самсонов алдына бірнеше мәрте барды.Ол барған сайын орыс озбырлығын Самсоновтың көзіне шығып көрсеткісі келеді. Алайда Самсоновтың жан дүниесі адалдық ауылынан алыс жатыр еді.

Ғалым Ә.Тәкенов пен М.Қойгелдиев жазғандай «Генерал іске тыңғылықты, орысша сауатты қазақ жігітін өз кеңесіне тілмаш етіп алмақшы болады». Бұл мәселенің бір қыры. Екіншісі – тіпті тереңде. Орыс өкілдері отарлау мен саясат ісінде өте тәжірибелі, жергілікті халық өкілдерінен шыққан талантты ноқталаудың сырт көз аңдамайтын нәзік жолдарын біледі. Тілмаштық Мұстафаға қимастық берген қызмет емес, дарынды жастың келешегін кесу еді. Себебі, ел арасындағы тілмаштар қоғамдық теңсіздікке араша түспей, ақша-пара жолымен азғындап, адамдық қасиеттерінен айырылып жатқанын сол кезде өмірдің өзі көрсетті. Сондықтан, Самсонов бұрқылдып шыққан қайнардың көзін көміп тастағысы келді. Өзара қырқысып жатқан орыс чиновниктері осы мәселеде бірауызды болатын. Генерал Самсонов сезімтал кісі екен, ол Мұстафаның келешегінен орыс отаршылдарына келер бір залалды сезді. Мұстафа Шоқайұлы Петербургке барып, оқуын жалғастырғысы келетінін айтып, — Заң факультетін қалаймын, — дегенде ішін тартып қалды. Петербургтегі заң университеті қазақтың баласы түгілі, орыстың қолына түспейтін оқу. Орыс отаршылары сауатсыз халыққа әділетті көрінуге ынталы, саналы, талантты қазақтың адамына аша таяқ қояды. «Тілмаш боласың ба?» — деп қамқорсыған Самсонов ақыры айтқаны болмағасын М.Шоқайға гимназиядан тиесілі алтын медалды, Зопрометов есімді орыс балаға бергізіп, бұған күміс медаль бермекші болады. Әділет жеңеді, адал азаматтар қолдауымен алтын медалін алған М.Шоқай орыс генералы қойған тосқауылмен өзі бетпе-бет кездеседі. Демек, Ташкенттің тұтқасын ұстап отырған генерал Самсоновтың Түркістан халықтарына деген пиғылы таза емес. Ал генерал орыс патшалығының өкілі. Бұдан Түркістанға Ресей жүргізіп отырған саясаттың күнгейі мен көлеңкесін бірдей аңғаруға болатын еді.

М.Шоқайдың Петербург университетінің заң факультетіне түсуі сол кез үшін үлкен дәреже. Бұған Орынбор генералы – губернаторы Перовскийдің ұсыныс хаты көмек болады. Бәрі бір реакцияшыл көзқарастағы губернатор ішкі саясаттағы ерекшеліктерді есепке алды. Әділет үшін айту керек орыс мемлекетінің билеушілер топтары Түркістан тұрғысындағы отарлық саясат жүргізсе де, Петербургтың ғылым төңірегіндегі зиялы қауымы таланттарды бағалай білді.

М.Шоқай университетті 1917 жылы ақпан төңкерісіне бұрын бітірді. Зеректілігі арқылы универсиет қабырғасынан 7 тілді меңгеріп шықты. Оның ішінде қазақ, орыс, түрік, ағылшын, француз, неміс және поляк тілдері бар еді. Мұндай жетістік М.Шоқайдың мәдени көкжиегін кеңейте түскені мәлім. Ал, өмір тәжірибесінен, ұлтаралық саясаттың аса салмағын 1914 жылы думада Мұсылман фракциясына хатшы бола жүріп үйренді. Фракция Дума депутаты Әлихан Бөкейханның ұсынысымен келіп, А.Байтұрсынұлы, Ш.Кәрі секілді қазақ зиялыларымен жақын танысады. Мұндағы қызметі де өз жерлестерін отаршылардың зорлық-зомбылығынан қорғау болады. Жазықсызды жаладан сақтау, әлсізді қорғау Мұстафаның мақсатына айналады.

Ресей патшалығының көзге көрініп тұрған бір зорлығы – қоныс аударған орыстарға көшпелі қазақтың жайылымы мен қыстауларын күшпен тартып алып бергені. Мұстафа мәселені сенатқа дейін апаратын. «Бастықтың пиғылы түзу болмаса, заңнан қайран жоқ» — деп Бисмарк айтқандай, орыс мемлекетінің отарлау саясатына қарсы тұратын күш жоқ еді. Халық орыс патшасынан осы кезде күдер үзеді. 1917 жылы университет бітіріп, кейбір тарихшылар «Ақпан төңкерісін қуаттап, ол еліне бостандық алып келеді деп түсінді. Эсерлер партиясына мүше болды» — деп жазғандай, Мұстафа Шоқай ұлттық саяси өмірдің тоқсан тарау айрығында тұр еді. Эсерлер партиясына мүше болғаны, болмағаны мұрағаттық деректер арқылы әлі ашылады. Бірақ патшалық Ресейдің аз санды ұлттарға қатысты саясатына М.Шоқай үзілді кесілді қарсы болды.

Тарихшы-ғалымдар М. Қойгелдиев пен А. Нүсіпханның «М.Шоқай және Түркістан» мақаласында: «1916 жылы Түркістандағы ұлт азаттық қозғалысты аяусыз басып жаншыған кезде демократиялық топтар үкіметке қарсы оппозиция құрып талқылады. Осы мәселе бойынша ресми баяндама дайындау үшін Түркістанға арнайы сапармен келген депутат эсер А.Ф. Керенский және фракция жетекшісі К.М.Тевкеловпен бірге мұсылман фракциясының хатшысы М.Шоқай да болады» — деп жазады.

Бұл М.Шоқайдың өз ұлтына араша түсудің бірден бір жолы – түрлі партия, уақытша үкімет және эсер жұмысшы солдат кеңесімен түсінісу керек болады. Осының бәрі Орта Азияда өз тағдырын өзі шешетін Түркістан автономиясын құру мақсатында жасалған еді.

Құрылтайшылары Түркістан автономиясы деп, оған Сырдария, Ферғана, Самарқан уәлияты толығымен қатысса да, орыс большевиктер кемсітіп, «Қоқан автономиясы» деп атаған аз күндік жаңа құрылым М.Шоқай идеясының түпкі мақсаты болатын.

М.Шоқай Түркістан жамиғатының келешек өз тағдырын өзі анықтайтын жеке мемлекет болуын мақсат етіп қойды. Осы мақсатта ептеп уақытша үкіметтің аз айлық билігін пайдаланып қалғысы келді. Бірақ «ұлттың өзін-өзі билеу мүмкіндігін береміз» деген бірде бір орыс демократтарына сенген жоқ. «Олар үкімет басына келген соң сөзсіз айнып» кетеді деген пікірін сөз арасында түсіндірумен болды. Сондықтан Ресейден енші алуды қызбалыққа, үстірттікке, асығыстыққа ұрынбай жан жақты ойластырылған саясат жүргізу керек еді. Ресейдің «демократ» билеушілері іш тартып алмас үшін М. Шоқай «ұлттардың өз өзін билеуін», Ресеймен шекаралық, қаржылық және сыртқы саясатта бірлігін жоққа шығармайтынын дәлелдеп береді.

«Қоқан автономиясының» келешегіне М.Шоқай күмәнсіз сенді ме, күмәні болды ма, бірақ ол адам қолынан жасау мүмкін емес тарихи төтенше оқиғалардан үміттенеді. Адамды үміт жетелейді, үміт апатқа да соқтырады. Соның бәріне Мұстафа бастаған ұлтжанды азаматар басы қиып еді.

М.Шоқай Түркістан халқы арасындағы қоғамдық белсенділіктің, сауаттылықтың, ұйымшылдықтың, рулық жіктелетіннің қандай деңгейде екенін жақсы білді. Жаңа автономияда сот жүйесін қазылар алқасы, немесе шариғат жолымен жүзеге асыруды ұсынған кезде «руластық тамыр белен алып кетеді» — деп бірден қарсы болған.

Мұстафа түркі тектес халықтың психологиялық дәстүрлі ерекшелігін жақсы білетін. Сондықтан жалпы мемлекеттік сот құруын ұсынды.

Қоқан автономиясының 1918 жылдың қаңтарында құлауына себеп көп. Жергілікті халықтан кең көлемде қолдау таппады. Уақытша үкіметпен сенімді байланыс жоқ. Ел ішінен іріткі салатын алуан түрлі қоғамдық қозғалыс өріс алды. Ең бастысы Петербургтен бастау алып, Ташкенде өрістеген жұмысшы-солдат депутаттарының үкіметі, Қоқан автономиясын кістан өңірінде қауіпті аймақтың бірі деп санап, көзін жоймаққа жанталаса кірісті. Ақыры, Қоқан автономиясы қанды қырғынға ұшырады. Соның салдарынан елде басшылық қозғалыс өріс алды. М.Шоқай сол күндер жайлы тарығып жазған бір мақаласында: «…Қоқан ұлттық үкіметінің большевиктерге қарсы күресі кезінде, яғни 1918 жылғы ақпанда, осыдан бір жыл бұрын Ақмешітте 1917 жылдағы мамыр айында орыс жұмысшы солдаттары қолына өліп кетсемші деп өкінгенім бар» деп жазады.

Мақала көлеміне М.Шоқайдың тарих бетіне таңбалы із болып қалған барлық қызметін түгелдеп беру мүмкін емес.1918 жылы Грузияда одан Түркияда кейін Париж бен Берлинге ұласқан қоғам қайраткерінің өмір жолы бүгінгі ұрпақ үшін өнегелі жол.

М.Шоқайға коммунистік қоғам идеологтарының күллі Түркістанға жасап отырған зорлық-зомбылығы, қарапайым алаңда берген ақыреті оның өмірінің қайғысы, мұңы болды. Орыс демократтарына үміт артуы да үзілді кесілді тоқтады. Тіпті, сенімді деген Сұлтанбек Қожановтан «Қоқан автономиясының» мүшелеріне Кеңес үкіметі кешірім береді деген хабар тигенде де компартия басшыларына екіжүзділік саясатын күні ілгері біліп, елге оралмады. Грузияда «Вольный Горец», «Борьба», «На рубеже», Стамбулда «Жаңа Түркістан» кейіннен «Жас Түркістан» газет-журналдары арқылы күллі өмірін азаттық үшін күреске жұмсады. Ал, 1920 жылы Варшава Сталиндік режимге қарсы Кеңес одағының қудалауына түскен ұлт зиялылары «Прометей» ұйымын құрған болатын. Ал, Варшавадағы Шығыстану институты 1929 жылы «Кеңес Одағының ішкі және сыртқы саясаты туралы» ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырды. «Сталин социализмі – тонаушылықты қамтамасыз ететін саяси жүйе» деген 1937 жылы жазған мақаласында Кеңес үкіметінің өз халқына жасаған тонаушылық саясатына экономикалық тұрғыдан талдау жасайды. Осылайша М.Шоқай Кеңес үкіметінің шетелдегі басты дұшпанына айналады. Білімі – терең, ақылы асқан қазақ перзенті түрік жамиғатының бірлігі мен коммунистік қоғамның халыққа тигізер ықпалы жөнінде ондаған мақала жазды. Мақала дерегі талдау мен таразылаудан тұрды. 1936 жылы КСРО конституциясындағы логикалық қайшылықтарды дәлме-дәл түсіндірді. Белсенді, саналы, ынталы азаматары ғана коммунистік ұйымдарға біріге алады» деген конституция бабын сөзбе-сөз жүйелей келе, «Компартияға кірмеген адамдар белсенді, ынталы және саналы болып саналмайды деген сөз. Ал КСРО-да коммунист емес адамдар халықтың 98 %» деп жазды. Сондай-ақ жеке адамның тарихтағы рөлін жоққа шығаратын марксизм идеяларын Сталиннің жеке басқа табынушылығын атап көрсетіп береді.

М.Шоқайдың өмір жолы өнегеге толы болды. Бүкіл түркі әлемінің тарихи тұлғасына айналған М.Шоқай ХХ ғасыр кезеңінде адамзат баласының айтулы перзенті болды. Оның бойында біз біліп үлгірмеген, тарихымен таныспаған талай рухани қазыналар жатыр. Ол Түркістан халқын орыс диктатурасын қорғауға күш салды, бірақ озық және адал ойлы славян халқының өкілдері Я.Газовский, И.Пильсудский, В.Чайкин, В.Наливкинге деген құрметі ерекше еді. Өмірлік досы Мария Яковқызы да орыс ұлтынан болатын.

М.Шоқай осынау таза табиғи қалпымен, көптің көзі жетпеймін шың басындағы шынар секілді М.Шоқай да жиырмасыншы ғасырдан өтіп, асыл ой, азаматтық қалпымен жиырма бірінші ғасырға келді.

Түркия арқылы алғаш Германияға, сонан соң Францияға барып орнығады. Эмиграцияда «Жаңа Түркістан», «Жас Түркістан» журналдарын шығарып, кеңестің озбыр саясаты туралы зерттеулер жазады.

1941 жылы 22 маусымда кеңес Одағына шабуыл жасаған күні эсершілер оны шұғыл тұтқындаған еді. Оны Париж түбіндегі Кемпьян концлагеріне қамады. Ақиқат анықталып жатыр. Егер ол фашистермен сыбайлас болса неге сол жылы фашистер өлтірген деген сауал туады. Сондықтан да, қызметтес болмағаны үшін, ұлтшылдар өз қолымен өлтірді деген пікірге тоқталасың. Ұлтының азаттығын ойлаған ұлы адам 1890 жылы 7 қаңтарда Ақмешітте (Қызылордада) дүниеге келіп, 1941 жылы 27 желтоқсанда Берлинде қайтыс болды.

Тағдырдың маңдайға жазғанынан аспайсың деген осы шығар. ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы кеңестік жүйенің бұрмалаушылық, қысаң саясатының салдары халықтың рухани санасына қайғы-қасірет әкеліп, ұзақ уақыт бойы ешкімнің көзін аштыртпады. Қазақ зиялыларының басына төнген қауіпке ешкім де қарсы тұра алмады.

Алаш қозғалысы өз уақытында Қазақстандағы жаңашылдық пен жасампаздықтың ұлттық сипатын сақтай отырып, еуропалық бағдарда дамудың көшбасшы бағыты еді.

Алаш қозғалысы тарихында елдік пен мемлекеттіктің, зайырлықтыңбатыл тәжірибесін бастаған, білім мен ғылымды, әдебиет пен мәдениетті ұлт қажетіне лайықты пайдалана алған, Алаш тұлғаларының орны ерекше.

 

Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінің

«Ғылыми  әдістемелік және экскурсиялық жұмыстар»                                      

бөлімінің меңгерушісі Гүлнұр Шалатайқызы

От Semeyainasy news

Посмотрите также...

жестяные-коробки-цветные-1024x618

Товар лицом — лицо товара

Семей. 27.03. «»Semeyianasy» — Город Семипалатинск, строившейся когда-то как опорная база на далеких окраинах Российской …

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

СЕМЕЙ АЙНАСЫ

СЕМЕЙ АЙНАСЫ