Домой / Новости / ВКО / Семейде елімізге танымал театр саңлақтары қызыл кілеммен жүріп өтті

Семейде елімізге танымал театр саңлақтары қызыл кілеммен жүріп өтті

Семей. 22.09.2019. “Semeyainasy”. Қазақтың кино және театр өнерінің жарық жұлдызы Әмина Өмірзақованың қасиетті Семей топырағынан шығуы тегін емес. Өйткені, қазақ театрының түп тамыры, алғашқы театрланған қойылым М.Әуезовтің «Еңілік-Кебек» пьесасы негізінде Ойқұдық жайлауында көрерменге жол тартқан болатын.

Әмина Ерғожақызы Өмірзақованың туғанына 100 жыл толуына арналған  XXVII Республикалық театр фестивалінің ашылу салтанаты рәсімінде қазылар алқасы мен қонақтар қызыл кілеммен жүріп өтті.

Атап айтсақ, қазылар алқасының төрағасы, Қазақстанның Еңбек Ері,  КСРО және Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстан театрлары ассоциациясының Президенті,  театр және кино актері, профессор Асанәлі Әшімов, фестивальдің құрметті қонағы Асанәлі Әшімов атындағы өнер мен мәдениетті қолдау қорының Президенті, Асанәлі Әшімовтың жары Бағдат Әшімова, қазылар алқасының мүшесі, театр және кино актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, Қазақтың «Қыз Жібегі» Меруерт Өтекешова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, PhD докторы, Қазақстан Театрлары ассоциациясының Вице-Президенті Асхат Маемиров, қазылар алқасының мүшесі, театр сыншысы, өнертану докторы, Бақыт Нұрпейіс, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі кинематография театр және басқармасының бас сарапшысы Гүлнафис Мырзашева сыңды қонақтар және де фестивальге бақтарын сынай келген 12 театр ұжымы қызыл кілеммен жүріп өтіп, халықтың ыстық ықыластарына бөленді.

Шара барысында Мәдениет және спорт министрлігінің Театр және киноматография басқармасының бас сарапшысы Гүлнафис Мырзашева министр Ақтоты Райымқұлованың құттықтау хатын оқып берді.

Министрдің құттықтау хатында былай делінген: – «Құрметті фестиваль қатысушылары мен қонақтар! Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, көрнекті театр және кино актрисасы Әмина Өмірзақованың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XXVII республикалық фестиваліне қош келдіңіздер! Бұл фестиваль бүкіл саналы ғұмырын ұлттық өнерге арнаған Әмина Өмірзақованың 100 жылдығы ЮНЕСКО-ның атаулы даталар күнтізбесіне енгізілгендігімен ерекшеленеді. Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында Әмина Өмірзақова жетпіс жылдай қызмет атқарып, «Екі верондық», «Тау қызы», «Отбасы», «Махаббат неге оянбады», «Ыбырай Алтынсарин», «Мөлдір махаббат» сияқты спектакльдерде 150-ден астам рөлдерді сомдап, қайталанбас бейнелердің галереясын жасады. Қазақстан драма театрларының XXVII республикалық фестивалі  отандық театрлардың үздік қойылымдары көрсетілетін, шығармашылық байқаулар мен бастамалар алаңына айналатына сенімдімін. Фестиваль қатысушыларына табыс пен шабыт, ал қонақтар мен көрермендерге ұмытылмас әсер мен көтеріңкі көңіл-күй тілеймін!», – деп жазылған министр Ақтоты Райымқұлованың құттықтау хатын оқып берді.

«Қымбатты бауырлар, қандастар! Ұлы Абай елі. Бұл киелі жерге біз тәу етіп, оң аяғымызбен аттап келеміз. Өткенді ұмытпай, арғыдан келе жатқан дәстүрімізді жалғап, халыққа өнерімізді паш етсек біздің мақсатымыздың орындалғаны. Әмина апамызбен бірге жүрдік, бірге жұмыс істедік. Ұлы Шәкеннің досы еді. Екеуі қатар отырғанда елді күлкіге қарқ қылатын. Әмина – ұлы актриса. Әмина апа, Сәбира апа, Қадиша апа, Шолпан, Бикен, Зәмзәгүл… Дүниеден осындай ұлы актрисаларымыз өткен. Әрқайсысы бір төбе. Әрқайсысына фестиваль арнасақ артық етпейді», – деді фестивальдің ашылу салтанатында сөз сөйлеген КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімов.

Рухани астанада өтіп жатқан Әмина Өмірзақованың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XXVII республикалық театр фестивалі  көрермен назарына 6 күн бойы сапалы қойылымдарын ұсынбақ.

Нұрзат ҒАЛБИЯТ

От Levi

Посмотрите также...

Куда жаловаться на ложную выдачу лекарств

Читали: 14 Семей. 15.10. “Semeyainasy” – Запущенный в Казахстане электронный паспорт здоровья (ЭПЗ) поможет прекратить …

СЕМЕЙ АЙНАСЫ

СЕМЕЙ АЙНАСЫ