Домой / Новости / Город / Қалалық мәслихаттың кезекті сессиясы өтті

Қалалық мәслихаттың кезекті сессиясы өтті

IMG_2153

Семей.22.09. “Semeyainasy” – Қала әкімдігінде қалалық мәслихаттың кезекті 18-ші сессиясы болып өтті. Сессияда күн тәртібінде тұрған сегіз мәселе қаралды.

Алдымен шаһар басшысы Ермак Сәлімовтің есебі тыңдалып, депутат Анастасия Кулиничтің басқа қалаға кетуіне орай мәслихат депутаты лауазымын тоқтату жөнінде шешім шығарылды. Осыдан кейін алдағы жылу маусымына дайындық туралы айтылып, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Марат Аленов баяндама жасады.

– Семейде жылу маусымына дайындық жұмыстары басталып кетті. Семей және Шүлбі кентін жылумен қамтамасыз ету үшін жылу энергетикалық пункттер мен локальды жылу қазандықтарын әзірлеу қажет. Өңір бойынша жылу қазандықтары қыс мезгіліне 95 пайыз дайын. Жылу қуаттылығы 100 гигаколориядан жоғары 18 қазандықтың 17-сі, қуаттылығы 100 гигаколориядан төмен 53 қазандықтың 50-і сақадай сай. Жылу жүйелерінің жалпы ұзындығы 303 қашықтықты құрайды. Оның 8,26 қашықтығын қамтитын жылу желісі жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Жылу беру компанияларын жөндеуден өткізу мақсатында облыстық қазынадан 162 млн. теңге көлемінде қаржы бөлінген. Бүгінгі күні «Ғаббасов», «35 квартал», «Зооветинститут» қазандықтары жаңартылды. Қаланың оң жақ жағалауындағы Чехов көшесі бойынша 760 метр магистральді жылу желілерін монтаждау жұмыстары орындалып бітті. Шугаев көшесінің 1,5 қашықтықты құрайтын желілері ауыстырылса, Глинка көшесінен Галеттоға дейінгі 459 метр магистральді желіге монтаж жасалды. Биылғы жылу маусымына 358 мың тонна көмір, 992 тонна мазут қажет. Осы ретте «Қаражыра» АҚ-мен келісімшарт жасалды. Көмір 21-ші тамыздан бастап қалаға жеткізілуде. Бүгінгі таңда 50 мың тонна көмір түсірілді, – дейді Марат Аленов.

2020 жылға қарай Семейде балаларды мектепке дейінгі білім беру мәселесі түбегейлі шешімін таппақ. Мұндай мәлімдемені сессия барысында сөз алған қалалық білім бөлімінің басшысы Наталия Фесенко жасады. Соңғы екі-үш жылда қалада 22 жекеменшік балалар бақшасы ашылыпты. Енді тағы он шақты мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің ашылуы алдағы үш жылдың еншісінде. 11 509 бүлдіршін балалар бақшасына орналасу үшін кезекте тұр. Оның басым көпшілігі 3 жасқа дейінгі балалар.

– Ата-аналар қоғамы 1-2 жасқа дейінгі балаларға арналған қосымша ясли топтарын ашу жөніндегі мәселені көптен бері көтеріп келеді. Әзірге мұндай топтар Семейде тапшы. Осы мәселе бойынша біз жекеменшік балалар бақшаларының жетекшілеріне ұсыныс айтқан едік. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде қала бюджеті ясли топтарды қаржыландыруға мүмкіндігі жетеді, – деді Семей қаласы білім бөлімінің басшысы Наталия Фесенко.

Үштен алты жасқа дейінгі балаларды балабақшамен қамтамасыз ету – кезек күттірмейтін мәселе. Осы жаста кезекте тұрған 1032 балаға орын жетіспей тұр. Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, мектепке дейінгі мекемелердің тапшылығы әсіресе, қаланың сол жақ жағалауында, сонымен қатар Восход кентінде байқалады. Сондықтан білім бөлімінің мамандары жаңа балабақшалар ашуға ниетті кәсіпкерлерге қаланың сол жақ жағалауы бөлігіне баса назар аудару керектігін алға тартып отыр.

Юность шағын ауданында бой көтерген 100 орындық жаңа балабақша мен 300 балаға арналған Цементшілер кентіндегі бақша алғашқы тәрбиеленушілерін қабылдауға әзір. Алдағы 2018 жылы Ұшақтар кенті мен Қарағайлы шағын ауданында балалар бақшалары салынбақ. Бұдан өзге Гоголь және Чехов көшелерінде салынған жекеменшік балабақшалар үстіміздегі жылы пайдалануға берілетін болады.

Сондай-ақ бұрынғы №3-ші балалар үйінің ғимараты балалар бақшасы болады. Қазір нысанды қайта қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл даму ерекшелігі бар балалармен жұмыс істеуге арналған мекеме болмақ. Мұнда коррекциялық және инклюзивті топтар ұйымдастырылып, онда мамандар психикалық ауытқушылығы бар, сал ауруына шалдыққан, есту және көру қабілеті нашар балалармен жұмыс жасайды.

– Жыл санап мүмкіндігі шектеулі балалардың саны артып келетіні жүрекке ауыр тиеді. Десек те олардың дефектолог, логопед, психолог және тағы басқа білікті мамандардан қосымша қызмет алуы, оларды балалар бақшасына орналастыру үшін барлық жағдай жасалуы тиіс. Қазіргі күннің өзінде коррекциялық топтарда 114 бала бар, – деп атап өтті білім бөлімінің басшысы.

Қалалық мәслихат сессиясында ұсынылған қаланы көркейту жайындағы мәселені халық қалаулылары қызу талқылады. Бұл мәселе бойынша мінберге көтерілген тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының басшысы Марат Аленовке депутаттар бірден сұрақтарын жаудырды. Естеріңізде болса, тамыз айында мәслихаттың өндірістік комиссия мүшелері Семейдің абаттандырылуын бақылау мақсатында орталық көшелерді аралап, байқаған кемшіліктер тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына жеткізілген болатын. Осы бағытта атқарылған істердің нәтижесі айтылды жиында. Бірден сұрақ қоюға көшкен мәслихат хатшысы Бейсенбек Ақжалов қаланың абаттандырылуы жайындағы сауалды ортаға салды. Мәселен, «Рахат» сауда үйінің алдында бос тұрған полиция дүңгіршегі қала көркіне кері әсерін тигізіп тұр, – дейді мәслихат хатшысы. Осы ретте ол орталық көшенің сиқын кетіріп тұрған дүңгіршекті басқа аумаққа орналастыру немесе мүлдем алып тастау керектігін айтады, сондай-ақ сауда нысандарының келбеті абаттандырылу талаптарына сай болуын ерекше атап өтті. ТҮКШ басшысы Марат Болатұлы – «Бұл қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімімен ақылдасып шешілетін мәселе»,- деп қысқа қайырды. Ал Аленовтың сөзінше, биыл қаланың орталық бөлігінде 300 түп ағаш отырғызу жоспарланған екен. Сондай-ақ өңі кетіп, қуарып қалған немесе қисық өсіп, жол қозғалысына кері септігін тигізіп, қала көркін бұзып тұрған ағаштарды кесу ісі де алдағы күндері қолға алынбақ.

Бұдан басқа кезекті мәжілісте қалалық мәслихаттың бюджет және қаржы, экономиканы дамыту, мүмкіндігі шектеулі балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарды өтеу мәселелері жөнінде тиісті орган басшыларының баяндамалары тыңдалды. Қаралған барлық мәселелер депутаттар тарапынан бірауыздан қолдау тауып, комиссия отырысында тиісті шешімдер қабылданатын болады.

Айзада Сламбаева

data-ad-client="ca-pub-7558436066322676" data-ad-slot="1867841055">

От Semeyainasy news

Посмотрите также...

Суды Семея работают в онлайн-режиме

Читали: 23 Семей.30.03.”Semeyainasy” – Суды Семея (городской суд, суд №2, специализированный административный суд) перешли на …

Добавить комментарий

СЕМЕЙ АЙНАСЫ

СЕМЕЙ АЙНАСЫ