Абайды әлемдік деңгейге көтеруіміз керек

Семей. 13.01. “Semeyainasy” – Шәкәрім университетінде АКМЕ халықаралық ағартушылар клубының кезекті отырысы өтті.

Ағартушылар клубы биылғы жылдың алғашқы жиынын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласын талдауға арнады.

Жиынға қаламыздың зиялы қауым өкілдері мен Семей қаласы әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев арнайы қатысты.

«Абайтану белестері», «Абай және мәдениет», «Абай және жастар», «Абай және Семей» тақырыптарында оқылған баяндамалар Президент мақаласын аша түсті.

Ағартушылар клубының кезекті отырысында баяндама жасаған профессор, Абайтанушы Арап Еспенбетов «Абайды әлемдік деңгейге көтеруіміз керек. Оның құр атын атап қана қоймай, қандай шығармасы бар. Әлемдік дәрежеде айтқан ойы қандай? Қандай ойымен келесі ғасырларға Абайдың ізі қалады деген нәрсеге басты назарымызды аударуымыз керек. Президент мақаласының негізінде жаңа, ғылыми негізі бар, бекемі нық ойларды айтатын болсақ. Сонда ғана біз Абайдың тұңғиығына бойлай аламыз» деп, өз ойымен бөлісті.

Сондай-ақ, қатысушылар «Шығыс өңірінің барлық ұжымы Абайдың 175 жылдық мерейтойына толығымыен атсалысуы керек» деген пікірлерін білдіріп, түрлі ұсыныстарын жеткізді.

Сонымен қатар, жиынға қатысқан жастар мақаланы талдау арқылы толық түсініп, оның еліміз үшін маңызы зор екеніне көзіміз жетті дейді.

Шәкәрім университетінің баспасөз қызметі

Semeyainasy.kz
Добавить комментарий