Семей қаласының жастар мәслихаты депутаттары бас қосты

Семей.17.10. “Semeyainasy” – Латын әліпбиінің алғашқы нұсқасы Парламент депутаттарының назарына 11 қыркүйек күні ұсынылған еді. Алайда алғашқы нұсқадағы бір әріптің екі таңбамен жазылуы көпшілікке ұнай қойған жоқ. Ал жақында ел назарына ұсынылған екінші нұсқа 32 әріптен тұрады және диакретикалық белгілерге негізделген. Осыған орай өз ойларын ортаға салған жастар мәслихаты депутаттары латын әліпбиіне көшу реформасын қолдайтындарын жеткізді.

Семей қаласы жастар мәслихатының депутаты, Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің студенті Еркежан Досмұхамбетова:

– Мен Елбасы бастамасымен жүзеге асып жатқан латын қарпіне көшу реформасын қолдаймын. Біріншіден, латын әліпбиіне көшу арқылы қазір қолданып жүрген артық әріптерден арыламыз. Екіншіден, латын әліпбиі – технология тілі. Озық елдердің барлығы латын әліпбиіне әлдеқашан өтіп кеткен. Үшіншіден, халықтың үш тілді меңгеруіне септігін тигізеді. Ал кемшін тұсы – 1940 жылдан бері кириллица қаріптерімен жарық көрген шығармаларды қайта латын әліпбиіне аудару қажетігі туындайды. Бұдан басқа қаншама құнды құжаттар бар. Өз басым диакретикалық белгілері бар әліпбиді қолдаймын.

Семей қаласы жастар мәслихаты депутаты Жасұлан Құрманғалиев:

– Латын әліпбиіне көшу тарихы 1929 жылдан басталды. 1995 және 2006 жылдары да Елбасы латын қарпіне көшу бастамасын көтерген еді. Мемлекет басшысы айтқандай, қазақстандықтар үш тілді меңгеруі керек. Халықаралық қатынастарды нығайту үшін ағылшын тілін игергеніміз абзал. Бұл бізге бірыңғай ақпараттық технологияларға еркін кірігуге мүмкіндік береді. Латын әліпбиіне көшу түркі тілдес халықтарды біріктіріп қана қоймайды, шетелдіктердің біздің әліпбиді үйренуіне, қазақ тілінің қолданыс аясының кеңеюіне қолайлы жағдай туғызады. Бұл тұрғыдан алғанда, отандық брендтердің танымалдылығы да арта түседі деген ойдамын.

Айзада Сламбаева

Semeyainasy.kz
Добавить комментарий